Цифрлы күйге алмастырған: Аметова Гулнур
ССРО Әуе Флоты Күні совет халқының дәстүрлі мейрамы. Бүл күні отандьқ авиацияның жаңа табыстарына байқау жасалады.
3 июльде, жексенбі күні жүздеген мың москвалықтар Тушино аэродромындағы орасан үлкен алаңның секторларына лық толды. Москва атындағы каналдың биік жағаларына, темір жол табаны көтермелерінің іргесіне көп халық орналасты. Бейне бір көрушілер залына ұқсаған бұл жер бірнеше километрге созылды.
ССРО-ның В. П. Чкалов атындағы Орталық аэроклубының үйі мейрамдағыдай безендірілген. Самал жел ондаған түрлі түсті жалауларды желбіретіп тұр.
Парад басталатын кез жақындап келеді. ССРО және РСФСР Жоғарғы Советтерінің депутаттары, министрлер, ғылым, әдебиет және искусство қайраткерлері, өнеркәсіппен ауыл шаруашылығының озаттары келіп орын алды. Ложаларда дипломатиялық корпустың мүшелері, шетелдік мемлекеттердің соғыс-әуе және соғыс атташелері.
Аэроклубтың трибунасына Н. А. Булганин, К. Е. Ворошилов, Л. М. Каганович, Г. М. Маленков, А. И. Микоян, М. Г. Перзухин, М. 3. Сабуров, Н. С. Хрущев, А. И. Кириченко, П. К. Пономаренко, П. Н. Поспелов, М. А. Суслов жолдастар, Совет Одағының маршалдары және Авиация маршалдары келді. Парадты көрушілер партия мен үкмет басшыларын ду қолшапалақтап қарсы алды.
Әуе флоты Күнін мейрамдауға келген делегациялардың басшылары: Қытай Халық Республикасынан генерал Ян Ченьу, Индия Республикасынан Авиация маршалы С. Мукерджи, Югославия Федерациялық Халық Республикасынан генерал-подполковник З. Улепич, Албания Халық Республикасынан генерал-майор Ариф Хаско, Болгария Халық Республикасынан генерал-майор К. Кириллов, Венгер Халық Республикасынан генерал-майор Е. Хазаи, Корей Халық-Демократиялық Республикасынан генерал-лейтенант Хан Ир Му, Поляк Халық Республикасынан генерал-полковник И. Туркель, Румын Халық Республикасынан генерал-майор М. Бурка, Чехословак Республикасынан генерал-лейтенант И. Васагло, осы елдердің делегацияларына мүше офицерлер қатысып отыр.
Қонақтардың арасында Халықаралық авиация федерациясының делегациясы: президент К. Бартлетт, бас директор Г. Гильман және бас казначей Ж. Блерно, атақты француз ұшқышының баласы Луи Блерио, сонымен қатар Торонто авиация клубының вице-президенті Эдгар Альбертс (Канада).
Таңертеңгі сағат 10. Фанфаристердің «Бәріңіз тыңдаңыздар» деген дабылы естілді. Оркестр орындаған Совет Одағы Мемлекеттік гимнінің үні радио арқылы бүкіл алаңға таралды. Артиллерия салютінің гүрсілдері естілді.
Әуе парады басталды!
Барлық жұрттың назары ұшқыш Перевезенцев басқарған самолеттердің алғашқы тобы ұшып келе жатқан аспанға аударылды. Бұл ту ұстаушы самолеттер. Алдынғы машинада қызыл ту желбіреп келеді, оның ұзындығы он метрден және көлденені үш метрден асады. Туда В. И. Ленин мен И. В. Сталиннің портреттері. Флагманның екі жағында ұшып келе жатқан самолеттерде ССРО Соғыс-Әуе Күштерінің және Армияға, авиацияға, флотқа көмектесетін ерікті қоғамның жалаулары желбіреп келеді. Бұлардың соңынан одақтас республикалардың жалаулары тігілген тағы да 16 самолет ұшып келеді.
Көрушілер жаппай күшті овация жасады. «Як-18» типті жетпіс алты самолет мың метр биікте жұптарын жазбай ұшып, мынадай сөздерді бейнелеп берді:
Совет Одағының ұлы Коммунистік партиясының құрметіне айтылған ұранның бұл сөздерін бейнелеген машиналардың жұптарын жазбай ұшуы өте тамаша. Ұшқыштардың көбі аэроклубтарда тәрбиеленушілер. Олар заводтарда, фабрикаларда, құрылыстарда, шахталарда, мекемелерде жұмыс істейді, институттар мен техникумдарда оқыйды. Парадтағы машиналардың бұл топтарын ұшқыштар Запорожец пен Удовицкий басқаруда.
Әуе алаңы сәл ашық қалды. Бір-екі минут өте бергенде-ақ аспан көгінде жеңіл моторлы тоғыз спорт машинасы шыр айналып ұша бастады. Топтасып ұшудың бұл өнерін әйелдер орындауда. Олардың алдында Совет Одағының Батыры, еңбек сіңірген спорт мастері, еліміздің рекордшысы Марина Чечнева ұшып келді. Осы ұшқыш әйел парадқа жетінші рет қатысып, самолеттер тобын жетінші рет бастап келеді. Тоғыздықтың құрамында – Бодрягина, Блинова Постникова, Бган, Сатина, Хазанова, Ламзина, Лебедь. Краснодардан келген жас спортшы Лидия Лебедь өзінің шеберлігін әуе парадында тұңғыш рет көрсетіп отыр. Мұнда жиналғандар Сталинград аэроклубының спортшысы Антонина Ламзинаның өнерін де тұңғыш рет көруде. Самолеттер «Нестеровтың ілмегін» екі рет орындады, жауынгерлік бұрылыс жасады, солжақ қанатымен аударылып түсті. Қырандай ұшып, кілт бұрылыс жасалды. Ұшқыштар тура жолға шықты. Енді бір сәтте тоғыз самолет біріне-бірі ілесе екі рет төңкеріліп түсті. Самолеттер алаңнан кете бастады.
Бірақ топтасып ұшу өнері мұнымен аяқталған жоқ. Самолеттердің үлкен бір тобы келе жатыр. Олардың әуедегі тізбегі тұтас километрге созылып келеді. Жыйырма төрт самолеттен құрылған бұл топты әуеде ұшу өнерінің аса үздік мастері, слесарь Николай Голованов басқарып келеді. Халықаралық авиация федерациясы спорт самолетімен шапшаң ұшу жөнінде ол жасаған дүниежүзілік рекордын бекіткен болатын. Үш бұрышты маршрут бойынша мың километр жерге ұшуда бұл ұшқыш орта есеппен сағатына 442,289 километр ұшқан еді. Быйыл Головановтың авиация спортымен шұғылдана бастағанына жыйырма жыл толды.
Өндірістен қол үзбей ұшу өнерін меңгерген спортшы ұшқыштар спиральдық троектория бойынша «Нестеровтың ілмегін» екі рет орындады. Көрушілер осы тамаша көрініске сүйсініп, олардың шаттығы әлі басылмаған кезде-ақ 24 самолеттің бәрі де, «Нестеровтың жартылай ілмегін» жасап, шыр айнала бастады. Ашық қызыл сырмен боялған самолеттер аспан көгінде өте әсем көрінеді. Спортшы Аскольд Мухин, инженер Владимир Щенкин, студент Владислав Громов, суретші Казимир Рымашевский және басқалары батылдығын, ептілігін және шеберлігін көрсетуде. Ұшқыштардың арасында астанадағы метроның машинисті Николай Давыдов бар. Ол жер астында жұмыс істегенімен, әуеде де өзінің еркін екендігін көрсетуде.
Біздің авиация спортшыларымыз жыл сайын тамаша табыстарға жетуде. Өткен жылғы мейрамнан бергі уақыттың ішінде олардың жаңа табыстары дүниежүзілік және бүкілодақтық рекордтар таблицаларына жазылды. Ұшқыштар В. Громов, И. Чергов және Я. Феростенко спорт самолеттерімен дүниежүзілік рекордтар жасады. Қазір совет авиациясының спортшылары дүниежүзілік 88 рекордқа ие болып отыр. Рекордтардың саны жөнінде еліміз дүние жүзінде бірінші орын алуда.
Әуеде күтпеген жерден тым-тырыс бола қалды. Бұл кезде планершілер Чернышева, Ефименко, Абрамов, Дятков, Африканов, Слесаренко, Есаулов және Качалин өз программасын көрсете бастады. Планершілер тобын Петрянов басқаруда. Планершілер айналып ұшқан шеңберін түйістіріп, айнала қалықтап жүрді де, 500 метрге дейін төмендеп, спираль жасау өнерін көрсетті. Моторсыз ұшатын мұндай аппаратта осындай өнерлер көрсету планершілерден зор шеберлікті талап етеді.
Көгал алаңнан ұшқыш модельдер аспанға көтерілді. Бұлардың конструкторлары Малик, В. Васильченко, Хухра, Эрлер, Хрусталев және Котли өздерінің модельдерін радио арқылы басқаруда. Авиамодельдер, нағыз самолеттер сыяқты, солға және оңға бұрылып, аударылып ұшу, спираль жасау өнерлерін көрсетуде. Модельдер төмен ылдыйлап, осы Тушино аэродромына өздерінің көтерілген жерінің қасына келіп қонды.
Александр Маноцковтың конструкциясы бойынша жасалған планер көрушілердің назарын аударды. Маноцков дүние жүзінде тұңғыш рет қанаттарын қағатын ұшу аппаратын жасап берді, мұның өзі оның ұшу сапасын едәуір жақсартты. Януш Рудицкий басқарған планер алаңның үстінде айнала қалықтап жүрді де, бұрылған бетінде алаңға қайта келіп қонды. Дәл осы кезде Кузаковтың конструкциясымен жасалған планер аэродромнан жоғары көтерілді. Автомобильге орнатылған лебедканың көмегімен бұл планер өте шапшаң, соның өзінде аспанға тік ұшып көтерілді. Автостарт осы аппараттың 600 метр биікке көтерілуі көмектесті. Планерист Юрий Абрамов тросын ағытып жіберііп, өте шебер, ұшу өнерлерінің комплексін көрсете бастады.
Әуе парадының бірінші бөлімі осымен аяқталды. Армияға, авиацияға және флотқа көмектесетін ерікті қоғамның спортшылары (бұл бөлімнің жетекшесі Совет Одағының Батыры, авиацияның гвардия генерал-лейтенанты Т. Ф. Куцевалов) ұшу ісінде, авиамоделизм және планеризм өнерінде зор табыстарға жеткенін айқын көрсетті.
Парадтың екінші бөлімі соғыс самолеттерінің ұшуы болды. Бұған авиацияның генерал-лейтенанты С. У. Рубанов басшылық етуде. Соғыс-Әуе Күштерінің ұшқыштары реактивтік самолеттермен өте шебер ұшу өнерлерін көрсете бастады.
Аэродромға оңжақ беткейден майор Валентин Лапшин басқарған истребитель жақындап келеді. Лапшин тәжрибелі ұшқыш. Ол реактивтік жаңа техниканы алдыңғылардың бірі болып меңгере бастады. Оған бірінші класты әскери ұшқыш атағы берілген. Самолет жұлдыздай ағып, аспанға тік көтерілді. Ол тікесінен шүйіліп, қайта бұрылып, «Нестеровтың ілмегін» екі рет жасады, «Нестеровтың жартылай ілмегін» орындады, екі дүркін аударылып түсті, аспанға қарай зымырап, екі рет төңкерілді, «Нестеровтың ілмегін» жасауға оңтайланып, жоғары зымырады... Самолеттің ұшу шапшаңдығы орасан зор. Оның зор екендігі соншалық, тіпті самолеттің дыбысы ұшып өткеннен кейін бірнеше секундта ғана естіледі.
Реактивтік үш истребительде топтасып ұшу өнерін көрсетуге қатысушы ұшқыштардан өте жоғары шеберлік талап етіледі. Полковник Бабаев, майор Мантуров және капитан Кузнецов басқарған, күмістей жалтыраған самолеттерге көз ілеспейді. Самолеттер жұбын жазбастан аспанға зымырап ұшуда. Бұл арада олар ортадағы бастаушы самолеттің төңірегінде айнала ұшатын өте қыйын өнер көрсетті. Истребительдер бір-бірімен байлаулы сияқты олардың жымдасып ұшуы өте тамаша. «Нестеровтың ілмектері» түйдек-түйдегімен жасалуда. Көзді ашып жұмғанша болған жоқ, машиналар зымырап өте шықты.
Аэродромдағы реактивтік истребительдердің екі звеносы жақындап келді. Аэродромның ортасына келгенде алты самолет екі километр биікке көтерілді. Олар 360 градус толық бұрылыс жасады. Подполковниктер Фокин мен Степценко, майор Борецкий, капитандар Гаврилов, Кисаев және Фитин бір-біріне қарсы топтасып ұшқан өнерлерін көрсетті. Ұшудағы жұптарын жазбастан, самолеттер бір-біріне тіке қарсы шүйілді. Бір-біріне жақындап келді де, ілезде-ақ ажырасып кетті. Осындай ұшу өнерін көрсету үшін қандай жүректілік, қандай шеберлік керек десеңізші! Жердегі көрушілер ұшқыштарға сүйсініп, ду қол шапалақтауда.
Реактивтік самолеттердің тағы бір тобы көрінді. Олар ұшқан жұбын жазбастан, «Нестеровтың ілмегін» орындады. Басқа да өте қыйын өнерлер көрсетті. Тоғыз самолеттен құрылған бұл топты гвардия полковник Николай Шульженко басқаруда. Үш дүркін көрсетілген өте шебер ұшудың бұл өнерлері Тушино аэродромында жыйналғандардың бәрін қатты шаттандырды. Ұшу өнерлері үсті-үстіне орындалды, олардың әр қайсысы ерекше қыйындығымен көзге түсті. Барлық самолетті бір адам басқарып, олардың бәрі де алуан түрлі ұшу өнерін бір адамның еркімен орындап тұрған сияқты әсер туды.
Мейрамның екінші бөлімі реактивтік бомбардировщитер мен реактивктік истребительдердің парадымен аяқталды.
Флагман кораблі ұшып келеді. Оның бірнеше ордендермен және медальдармен наградталған полковник Сухомлин мен полковник Рощин басқаруда. Корабльдің қасында құрметті эскорт реактивтік төрт истребитель бірге ұшып келеді. Реактивтік бомбардировщиктер ауаны қақ жарып ұшып өтті. Колонналарды полковник Нюхтиков және екі миллион километрден аса ұшқан Совет Одағының Батыры полковник Иванов басқарып өтуде. «Қағылған сынадай» жымдасып, бомбардировщиктердің жаңа эскадрильялары ұшып келеді. Бұл колонаны бірінші класты әскери ұшқыш, еліміздің ең қарт ұшқыштарының бірі полковник Лукин басқаруда. Көрушілер оған шаттана қолшапалақтауда.
Әуе кеңістігін реактивтік истребительдер билеп алды. Машиналар бес-бестен сап түзеген. Әуедегі желдің үздіксіз ысқырғаны естіледі. Күмістей жалтыраған машиналардың шапшаңдығы сондай зор, олардың ұшуына көз ілеспейді. Бұл самолеттер советтік авиация ғылымы мен техникасының ең жаңа табыстары. Полковниктер Вовк пен Астахов, ұшқыштар майор Лущик, майор Гаврилов, капитан Щербина, майор Ардатьев және басқалары осы техниканы өте жетік меңгерген. Бұлар дыбыстан да шапшаң ұшатын самолеттерді басқаруда. Колоннаның соңынан майор Алексеевтің истребительдер звеносы ұшып өтті.
Орасан үлкен инелікке ұқсаған вертолеттер көрінді. 40 машина жақындап келеді. Колоннаны авиацияның осындай түрін тұңғыш рет меңгерген Совет Одағының Ерофеевский және подполковник Бровцев басқарып өтуде. Самолеттер әуеде тұрып қалды да, тікесінен төмендей бастады. Міне олар жерге қонды. Самолеттің люктері ашылды. Жерге түсірілген трап арқылы «Газ-69» автомобильдері жөнеле бастады, десантшылар жүгіріп шықты, артиллерияшылар зеңбіректерін шығарып, ыңғайлай бастады.
Быйыл вертолеттердің арасында осы ыңғайлы ұшу аппараттарының жаңа түрлері болды. Бұл аппараттар Тушинодағы авиация мейрамында тұңғыш рет көрсетілді. Осы самолеттердің екі двигателі, тік айналып тұратын екі винті, екі жұп шаскиі бар. Вертолеттің іші жіңішке ұзын вагон сияқты. Әрбір вертолеттің ішінен зеңбірек тіркелген машина шықты. Туын желбіретіп ұстаған десантшылар осындай машиналармен аэродром арқылы өтті.
Парашютшілер өте қызғылықты және алуан түрлі өнердің программасын әзірлеген. Көрушілер парашютпен «тік шүйіліп» секіру өнерінен кейін ұзақ уақыт парашютті ашпастан ұшу өнерлерін көрді. Жеті адамнан құрылған парашютшілер тобын ДОСААФ-тың Москва аэроклубының спортшысы Геннадий Тачнев басқаруда. Әуе флотының мейрамы күні ол 396-шы рет парашютпен секірді. Ержүрек спортшылар он секунд бойы парашютті ашпастан еркін секіргеннен кейін олардың үстінде түрлі түсті күмбез шатырлар жарыла ашылды. Токарь Дунаев, слесарь Бронников, студенттер Калашьян мен Наумов және басқалары парашютпен еркін секірген кезде өздерінің денелерін басқарудың тамаша шеберлігін көрсетті.
Парашютшілердің топ-тобымен секіріп, жерге баяулап түсуі жалпы жұртты қызықтырды. Он бес спортшы парашютті 25 секунд бойы ашпастан секірді.
Парашют спорты жүректі, батыл адамдардың спорты. Халықаралық авиация федерациясының бекіткен дүниежүзілік 33 рекордтан совет парашютшілері 32 рекордқа ие болып отыр. Өткен жылдың өзінде ғана біздің парашютшілеріміз бүкілодақтық 29 рекорд жасады, бұлар сонымен бірге дүниежүзілік рекордтар болып табылады. Дүние жүзінде парашют спорты жөнінде бірінші орын алу жарыстарында совет командасы бірінші орын алған болатын. Жеке адамдар арасында бірінші орын алу жарысында ССРО-ның еңбек сіңірген спорт мастері И. Федчишин дүние жүзінің чемпионы болды.
Бізде парашют спортымен мыңдаған жас жігіттер мен қыздар шұғылданады. Әуе десантын көргендердің бұған көздері айқын жетті. Транспорт самолеттері бірінен соң бірі ұшып келіп жатты. Самолеттерден төрт адамнан секіріп түсіп, олардың үстінде ілезде-ақ қызыл, көк, қызғылт сары, көгілдір, сары, ақ күмісбез шатырлар ашылды. Биіктен түсірілген орасан үлкен гүл шоғы жүздеген гүлдерге мініп, жерге түскен сияқты болды. Десанттың командирі парашютпен бірнеше жүз рет секірген парашют спортының нұсқаушысы, подполковник Трофименко. Әуе парадының үшінші — соңғы бөлімі әуе десантымен аяқталды. Бөлімнің жетекшісі — Совет Одағының Батыры, гвардия генерал-лейтенант В. Ф. Маргелов. Жолаушы таситын отандық реактив самолетінің аэродром үстіне ұшып келуі де қолшапалақталып қарсы алынды. Оны ұшқыш Алашеев басқарып келді. Самолеттің мұндай түрі әуе парадына тұңғыш рет қатысты. Сан алуан көріністер авиация мерекесінің программасы туралы (бас жетекшісі — Авиацияның Бас маршалы П. Ф. Жигарев), біздің ұшқыштарымыздың, десантшыларымыздың, парашютистеріміздің, планеристеріміздің және авиамоделистеріміздің табыстары туралы шаттыққа толы пікірлерін айтты. Москвадағы Тушино аэродромында болған әуе парады отандық авиация қуатының артықшылығын, Отанымыз үшін қызмет етуді сеніп тапсырғандардың аса үздік шеберлігін көрсетті.
ССРО Әуе Флоты Күніне байланысты Соғыс-Әуе Күштері Бас Штабының Бастығы Авиация маршалы С. И. Руденко 3 июльде Әуе Флоты Күнін мейрамдауға келген шетелдік делегациялар үшін, сонымен қатар шетелдік мемлекеттердің соғыс-әуе және соғыс атташелері үшін қабылдау ұйымдастырды.
Қабылдауда делегациялардың басшылары: Қытай Халық Республикасынан – генерал Янь Ченъу, Индия Республикасынан – Авиация маршалы С. Мукерджи, Югославия Федерациялық Халық Республикасынан – генерал-подполковник З. Улепич, Албания Халық Республикасынан – генерал-майор Ариф Хаско, Болгария Халық Республикасынан – генерал-майор К. Кириллов, Венгр Халық Республикасынан – генерал-майор Е. Хазаи, Корея Халық Демократиялық Республикасынан – генерал-лейтенант Хан Ир Му, Польша Халық Республикасынан – генерал-полковник И. Туркель, Румыния Халық Республикасынан – генерал-майор М. Буркэ және Чехословакия Республикасынан – генерал-лейтенант И. Васагло, осы елдер делегацияларының мүшелері, Халықаралық авиация федерациясының президенті К. Бартлетт пен Халықаралық авиация федерациясының бас директоры Г. Гильман, Торонто (Канада) авиаклубының вице-президенті Э. Альбертс болды.
Болгария Халық Республикасының, Великобританияның, Индия Республикасының, Иранның, Италия Республикасынының, Канаданың, Қытай Халық Республикасының, Корея Халық Демократиялық Республикасының, Польша Халық Республикасының, Румыния Халық Республикасының, Америка Құрама Штаттарының, Түркияның, Финляндияның, Францияның, Чехословакия Республикасының, Швецияның, Югославия Федерациялық Халық Республикасының соғыс-әуе және соғыс атташелері болды.
Совет жағынан қабылдауда Авиацияның Бас маршалы И. Ф. Жигарев, Армия генералы А. И. Антонов, Авиация маршалдары И. С. Скрипко мен В. А. Судец, Артиллерия маршалы В. И. Казаков, ТАСС-тың Жауапты жетекшісі П. Г. Пальгунов, адмирал В. А. Фокин, генерал-полковниктер П. И. Гусев, А. С. Жадов, авиация генерал-полковнигі И. М. Соколов, авиация генерал-лейтенанты С. А. Пестов, инженерлік-техникалық қызметтің генерал-лейтенанттары В. И. Волков, Н. А. Захаров, Тушинода болған әуе парадына қатысқандар, ССРО Қорғаныс Министрлігінің, ССРО Сыртқы Істер Министрлігінің жауапты қызметкерлері, совет баспасөзінің өкілдері болды.
Июнь айының соңғы күндерінің бірі. Ашық аспанның көгілдірленіп, көз жетпес аясын бойлай жүзген кеме тәріздес күн де төбеге көтеріліп қалған-ды. Оның тамылжыған сәулесі қорғасын-мырыш комбинатының алаңындағы асфальтті кең жолдың бойындағы тротуармен келе жатқан топ-топ адамдардың жүздерін нұрландыра түседі.
...Бүгін аға горновой Валерий Александрович Коновалов жолдас жұмысқа күндегісінен де ертерек келді. Онысы несі? «Несіне?» деп таңданарлық онда ешқандай дүние сыр жоқ. Ұнтақтау-шихталау цехының № 3 смена бастығы А. Касьянов жолдас демалысқа шыққан-ды. Міне, сменаның жұмысын уақытша басқару Валерий Александровичке тапсырылған болатын.
— Касьянов жолдас, — деді аға горновой, шикізат қоймасындағы аспалы кранның қимылына қарап тұрған біздерге, — көп жылдай қызметтес досым еді. Оның сменасы цехтағы озаттар қатарынан саналады. Досым демалыстан оралғанша озат сменаның атына дақ келтірмейін деген сертім бар. Бұл еңбектес досыма берген сертім еді. Смена коллективінің еңбегін дұрыс ұйымдастырып, техника күшін тиімді пайдалансаң, еңбек өнімділігі анағұрлым артатынына әбден көз жетті. Ол үшін сменаны дұрыс басқарып, ұйымдастырушылық жұмысын нақты жүргізу қажет. Сондықтан алғы шараларды ескеру үшін, сменаны қабылдау жұмысын ертерек қолға алуды дұрыс деп таптым.
Сағат 12. Смена жұмысшылары да орындарына келіп үлгерді. Сменаға алмастың хабары естілді. Алмасқан Айдаров жолдастың сменасы тапсырманы бірде шөп, бірде Касьяновтың сменасымен тепе-тең түсіп орындайтын еді. Бұл смена дәл Валерий Александрович қабылдаған күннен бастап тапсырманы 115 процент орындап шықты. Бұл көрсеткіш аға горновойды жаңа табыстарға жетуге жігерлендірді, творчестволық ой салды. Өйткені, ол сменаны бірінші күн басқаруда еді; жауапкершілікті қатты сезінген аға горновой жарыста озып шығып, жолдасы басқарған сменаның елімізге қажетті өнімді беру жолындағы күресін үдете түсуге талпынды.
Қабылдаған сменаның коллективі бірауыздан келісендей ме, олардың әрқайсысы да арнайы жұмыс орындарында тын шебер оралым жасауда.
— Іске сәт, озат сменаның металлургтері! — деген, Валерий Александровичтің үні көтеріңкі шықты.
Шикізат қоймасының күңгей жақ шетіндегі кран жұмыс үстінде. Краншы Шаравко жолдас өз ісінің шебері. Кранды басқару механизмдерімен жете таныс. Ол цех бастауыш партия ұйымының секретары. Ұйымдастырушы және іскер адам.
Әдеттегідей, Шаравконың қуатты кранының контактысы тәртіпке келтірілген. Оның тростары роликтен-роликке созылып, барабанға орала бастады да, көлемді контейнерді көтере жөнелді. Бұл сменаның жұмысқа кірісу секундының басталу кезеңі еді. Контейнер бункердің үстіне дәлме-дәл жеткізілді. Краншының шебер қимылы бізге ұнап тұр. Контейнер төңкерілді де оның ішіндегі концентрат бункерге төгілді. Мұнымен басталған жұмыстың процесі біткен жоқ. Контейнердің жуатын орынға келгенін ғана көріп қалдық. Насоспен шебер қимыл жасалып, концентраттан босаған контейнердің іші жуылды.
— Контейнерді жуғандағы мақсат не? — деп сұрадым біз қасымыздағы технолог Леонид Слабодкин жолдастан.
— Цехта контейнер бөлімі биыл ғана жасалып, пайдалануға берілді. Мұның өзі концентратты бункерге жеткізу жұмысын толық механизм күшіне алмастырды. Контейнерді жуудағы мақсат оның ішінде жабысып қалған концентраттан арылту. Дәлірек айтқанда, әрбір грамм концентратты ысырапқа ұшыратпай, оның металын пайдалану. Осының нәтижесінде металл өндіруде едәуір табысқа жетіп отырмыз.
Транспортер лентасымен ұнтақтағыш машинаға флюс жеткізілуде. Бір қалыпта қимылдаған күрделі ұнтақтағыш машинаның ұнтақталған материалы елегіштен өтіп, оның ірілері тағы бір транспортер лентасымен ұсақтап ұнтақтайтын екінші машинаның өңдеуінде болып, қайтадан елегішке келіп түсуде. Техниканың күшімен кешенді жүргізілген жұмыс қандай тамаша! Тек әр жерде оны бақылап, басқарып тұрған адамдар бар.
Резеңкеше созылған транспортердің екі бетінде қатар жарыса бірінде — концентрат, екіншісінде — флюс сырғанай жылжып, шихталау машинасына жүйткіп барады.
— Сапалы шихта дайындау,— деді жас технолог,— металды көп өндірудің кепілі. Біздің цехтың міндеті сол — агломерат цехын жеткілікті мөлшерде сапалы шихтамен қамтамасыз ету. Біз бұл үшін технологиялық процестердің тәсілін қатаң сақтаймыз. Концентратты белгіленген мөлшерде ұнтақтап, флюстерді норма бойынша жұмсаймыз. Ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударамыз. Озаттардың әдісін, жаңашылдардың ұсынысын өндіріске кең енгіземіз. Ішкі резервтер мен мүмкіншіліктерді тиімді пайдалануды цех металлургтері негізгі міндет деп есептейді.
Бұдан кейін технолог цех жұмысында кездесетін кемшіліктерді айтты. Дұрыс-ақ, цехтың бір қалыпты істеуі біріншіден, цех агрегаттарының жұмысына байланысты. Ал оны шикізатпен қамтамасыз ету — шешуші роль атқарады. Комбинатты шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың бірі — Зырян комбинаты. Амал не, Зырян комбинаты өздері қабылдаған міндеттемені орындамай келеді. Шикізат қорының жеткіліксіздігінен цехта жұмыстың бірқалыпты болмауы кездесіп тұрады. Мұның өзі өндірістік тапсырманы үнемі асыра орындауға нұқсан келтіруде.
Сменаның жұмысын аяқтауына екі-ақ сағат қалды. Цехтағы механизмдер, оның детальдары дамылсыз қозғалып тұр. Смена слесары Лимаренко және Валерий Александрович цехты аралап келеді.
— Бүгін қалай, ақау кездесті ме? — деді жүре сөйлеп, смена бастығы жайлап қана маңдайының терін сүртіп.
— Жоқтың қасы Валерий, — деді слесарь, — Воронин жолдастың көтеру кранда ғана жеңіл-желпі ақау болып еді, оны жұмыс үстінде түзедім. Бұлардың сезімін біліп, қуаныш реңі жүзіне ойнақшып шыққан нормалаушы Федор Иванович Захаров: — жұмыстың аяқталуына екі сағат қалды. Соның өзінде сменаның тапсырмасы 112 процент орындалды, — деді.
— Өте жақсы, қарқынды бәсеңдетпей, үдете түсуіміз қажет! — деген смена бастығының сөзі тым көңілді үнмен, көтеріңкі шықты.
Ұнтақтау-шихталау цехынан транспортер арқылы сапалы шихта отекаға жөнелтілуде. Отекадағы таудай болып үйілген шихтаның шетінде отандық алып шихта тиеу машинасы тұр. Машинист Ф. Костенко жолдас машинаның тетігін жетік игеріп алған. Қуатты машинаның торлы темір шпалында орналасқан керегарыс темір тістер шихтаны қапсыра асап, сол қалпында бітеу қылғып салғандай, транспортер лентасына ысырып салуда. Машина орта жылдамдықта ғана минутына 2 мың килограмм шихтаны транспортер лентасына жеткізеді. Оның қуаттылығы осыдан-ақ аңғарылып тұр.
Өнеркәсіп қызметкерлерінің бұйрығымен кеңеске қатысушылардың үндеуімен жарияланған цех қызметкерлері, бүкіл комбинат коллективі сияқты, қажырлы еңбек етіп шақыруға іспен жауап беруде.
Үндеуге дейін цехте төрт смена жүмыс істейтін еді. Май айының алғашқы күндерінен бастап цех үш сменалық жұмысқа ауысты. Бір смена қысқартылды. Осының нәтижесінде, 30 металлургті комбинат шаруашылығының басқа саласында жұмысқа пайдалану мүмкіншілік жасалды. Мұның өзінде жоспарды орындауға ешбір кемшілік келтірілген жоқ. Металлургтердің еңбек өнімділігі бұрынғысынан да арта түсті, еңбек ұйымдастыру едәуір жетілдірілді.
Үндеуден соңғы уақыттың ішінде цех коллективінің жаңашылдары 64 рационализаторлық ұсыныстың жасады. Олардың көпшілігі өндіріске енгізілуде. Ондаған рационализаторлық ұсыныстың авторы слесарь В. Юшин жолдас транспортердегі вертикальді роликті ауыстыруды, механик А. Стовшевский электро-магнитті вибрацияның бөлшектерін жетілдіруді ұсынған еді. Олардың ұсыныстары экономикалық көп пайда жасайтын болды.
Цех коллективі социалистік жарыспен кең қамтылған. Әр смена өздеріне нақты міндеттеме қабылдап, оны ойдағыдай орындауға қолда бар мүмкіншіліктер мен резервтерді жұмылдырған. Металлургтердің бір-біріне жолдастық көмек көрсетуі, пайдалы ұсыныстарды ортаға салуы күшейтілген. Осылардың бәрі цехтың жарты-жылдық тапсырманы 24 июньде орындауына жағдай жасады. Ал, Касьяновтың сменасы 18 июньде 112 процент, Ананьевтің сменасы 20 июньде 110,7 проценттен орындады.
Комбинант партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары торапынан көрсетілген қамқорлықтың нәтижесінде металлургтер тамаша табысқа жетті. Олар металлургтер арасында үгіт-бұқаралық жұмысты алда тұрған шаруашылық міндеттермен тығыз ұштастыра жүргізеді.
Жұмысшылардың мамандықтарын арттыру, мәдени-тұрмыс жағдайын жақсарту шаралары мүлтіксіз жүзеге асырылуда. Тек үстіміздегі жылдың бірінші жартысында 64 металлург одақтық және республикалық курорттарға барып тынығуда. Профилакторийде және демалыс үйінде жүздеген металлургтер мәдениетті түрде тынығып, демалуда.
Цехтың ұйымшыл коллективі нақты басшылықтың арқасында осындай сүйсінерлік табыстарға жетуде. Мұндай цех комбинант көлемінде жалғыз емес. Еңбек озаттарының саны күннен күнге көбеюде. Соның нәтижесінде комбинат бойынша металл өндіру 1952 жылмен салыстырғанда 4,5 есе артты. Комбинат жартыжылдық тапсырманы мерзімінен бұрын орындап шықты.
Еңбекті дұрыс ұйымдастырудың нәтижесінде өнім шығару анағұрлым арттырылды. Комбинаттың шарушылық аппараттарын ықшамдау өндірістік тапсырманың орындалуына нұқсан келтірмеді, осының негізінде үстіміздегі жылдың бірінші жартысында үш миллион сомның еңбек ақысына үнем жасалды.
Быйыл комбинат бойынша қорғасын шығарудың мемлекеттік тапсырмасы айдан айға орындалып келеді. Бұл металлургтердің қажырлы еңбегінің нәтижесі, табыстың сыры. Қол жеткен табысқа ұнтақтау-шихталау цехы да айтарлықтай зор үлес қосты.
Комбинат металлургтері бесінші бесжылдықтың тапсырмасын мерзімінен бұрын орындау үшін үдемелі қарқынмен еңбек етуде, еңбек тасқыны ұлғая түсуде. Коллектив Касьянов жолдастың сменасындай, озат сменалардың жұмыс әдістерін зерттеп үйренуді міндетіміз деп санайды. Озаттар қатарына теңелу үшін бүкіл коллективінің еңбек өнімділігін одан ары арттыруға, өнімнің өзіндік құнын кемітуге арналған шаралар болып табылады. Металлургтердің Отан алдындағы құрметті тапсырманы аброймен орындап шығатындығына ешқандай күмән жоқ.