Назад

Цифрлы күйге алмастырған: Аметова Гулнур

Егісті күтіп баптау қарқыны арттырылсын

Егінді суару, күту, оны арам шөптен тазарту, жүгері мен күнбағыстың тағы басқа дақылдардың қатараралықтарын баптау жұмыстарын мерзімінде, агротехникалық тәсілдерге сай сапалы жүргізу ғана мол өнімнің тағдырын шешеді. Сондықтан қазіргі кезде жергілікті партия, совет ұйымдарының, МТС дирекциялары мен колхоз басқармаларының алдына бұл кезек күттірмейтін шұғыл міндет ретінде қойылып отыр.

Облыста 90 мың гектар егін суармалы жерлерге егілді. Мұның басым көпшілігі дәнді дақылдар. Жүгерінің тең жартысы суармалы жерлерге орналастырылды. Бұл участоктерде ауа райының қандай жағдайында болсын барлық егіс көлемінде мол өнім жыйнауға мүмкіндік бар. Ол үшін егінді екі-үш рет суаруды ұйымдастырып, су қорларын дұрыс пайдалану керек. Алайда, істің қазіргі барысы бірқатар аудандарда керісінше болып отыр. Аудандық партия комитеттері мен Совет атқару комитеттері егін суаруға нақты басшылық етпей, аса маңызды бұл істің ең қолайлы мерзімін босқа өткізіп алды.

Мұның мысалын Күршім ауданынан көреміз. Мұнда 19 мың гектар егін суарылады. Су қорлары мол. Егін суаруды қарқынды сапалы жүргізуге қажетті басқа да жағдайлар толық бар. Ауданда осы жұмыстың басталғанына біржарым айдан астам уақыт болды. Бұл мерзімде барлық егінді бір рет емес, екі-үш реттен суарып шығуға болатын еді.

Бірақ істің жайы басқаша. Мұнда егінді бірінші рет суарудың өзі 40,5 процент орындалды. Ал суармалы жерлерге орналастырылған 2 мың гектарға жуық жүгерінің небәрі 460 гектары су ішті. Мұның үстіне егін суарудың агротехникасы өрескел бұрмаланып отыр. Жданов атындағы колхоздың председателі Шестополов пен Черкасов атындағы колхоздың председателі Вечкановтардың жауапсыздығынан ғана бұл артельдерде бұдан 15-20 күн бұрын суарылған жүздеген гектар егін екінші рет суарылмай отыр. Бұл агротехникалық тәсілдерге мүлде қайшы келеді. Өйткені, егінді бірінші рет суару мен екінші рет суарудың арасы 8-10 күннен асып кетсе, топырақ кеуіп қалады да өсімдіктің өсуіне, дән алуына зыянды әсер етеді. Бұған жол беру егіннің шығымдылығын арттыруға қасақана бөгет жасағандықпен бірдей. Ал Күршімде бұл етек алып отыр. Ауданда 1500 гектардан астам дәнді дақылдардың бірінші рет суарылғанына айға жуық уақыт болды. Бұл участоктерге содан бері екінші рет су жіберілген жоқ.

Мұның бәрі ауданда жауапсыздық пен байқамдықтың мықтап орын алғандығынан туған төзбестік жағдай

Егін суару Марқакөл, Зайсан және Тарбағатай аудандарында да нашар. Әсіресе жүгеріні суару бетімен жіберілген. Бұларда жүгері егісі тіпті түгелдей бір рет те суарылып болмаған. Бұл жерде облыстық сушарушылық басқармасы мен оның жергілікті орындары жіберіп отырған елеулі қателікті атап айту керек. Егін суаруды үлгілі жүргізу колхоздарға суды дұрыс бөліп беріп, оның мейлінше тиімді пайдаланылуына байланысты.

Алайда, осы істе елеулі кемшілік бар. Зайсан, Тарбағатай аудандарының колхоздарына су дұрыс бөлініп берілмейді. Бір шаруашылықта су далаға ағып жатса, екіншісінде тапшы. Ал осыларды қамтыйтын Зайсан су жүйесі басқармасының бастығы Средницкий жолдастың жауапсыздыққа салынғаны соншалық, тіпті ол әрбір колхозда егіс көлемі қандай, оған қанша су керек, берілген су қанша екенін, қалай пайдаланылатынын білмейді.

Егін суару мен су қорларын пайдаланудағы мұндай жағдайға төзуге болмайды. Қазір бұл жұмыстың шешуші күндері өтуде. Аудандық партия комитеттері мен Совет атқару комитеттері істе орын алған кемшіліктерді тезінен түзетіп, жұмыс қарқынын еселеп арттырулары керек. Олардың МТС, колхоз басшыларына талабы күшейтілсін. Суды дұрыс пайдаланбаушылықты үзілді-кесілді тыю қажет. Облыстық сушаруашылық басқармасы, оның бастығы Цукуренко жолдас мұның нақты шараларын дереу қолданатын болсын. Барлық колхоздарда суармалы жерлерге салынған егін түгелдей үш рет суарылуы тиіс.

Барлық отамалы дақылдар сияқты, жүгері егісі де сапалы күтіп-баптауды тілейді. Оның қатараралықтарыкемінде екі рет қопсытылып, арамшөбі оталып, суарылуы шарт. Бірақ жүгерінің ерекшелігі сол, шаршы-ұялы әдіспен егілген дақылдың қатараралықтары оны екі бағытта механизм күшімен баптауға мүмкіндік береді. Қазір күтімі жақсы жерлерде жүгері біркелкі жақсы өсуде.

Бірақ жүгеріні күту көп аудандарда ойдағыдай емес. Марқакөл ауданында оны бірінші рет культивациялаудың өзі 46 процент қана болды. Ал ұяларды сирету 30 процент шамасында орындалды. Көлемі 762 гектар барлық жүгері егісінің 100 гектары бір рет суарылды. Турасын айту керек, мұның өзі Марқакөл аудандық партия комитеті мен Совет атқару комитетінде астық ресурстарын толықтырумен қатар қоғамдық мал шаруашылығы үшін аса құнарлы азық болып табылатын осы бағалы дақылға әлі де мән берілмей отырғандығын көрсетеді.

Ұлан, Катонқарағай, Зайсан және Большенарым аудандарында жүгері агротехникалық ережелерге сай бапталмай отыр. Бұларда картоп пен овощьты күтіп-баптау бетімен жіберілді.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасы, Изачик, Шишаков жолдастар егінді күтіп-баптауды дұрыс ұйымдастыруға тыңғылықты басшылықты етпейді. Бірсыпыра агрономдардың жауапкершілігі арттырылмаған, олар жүгері шығымдылығын арттыруда ұйымдастырушылық роль атқармай келеді.

Барлық мүмкіншілікті жұмылдыра отырып, жүгеріні баптауды, картоп пен овощьты күтуді жуық арада сапалы орындау қажет. Ол үшін қолда бар барлық қазтабанды культиваторларды жұмысқа қосып, олардың өнімді пайдалананылуын қамтамасыз ету керек. Бірақ, Ақжар МТС-ін де кездескендей, жүгеріні баптайтын культиваторларды шынжыртабанды тракторларға тіркеу сияқты өрескел қателіктерге жол берілмесін.

Бұл күндері ауыл шаруашылығы мамандарының орны кеңсе емес, егіс бригадалары, жұмыс басы болуы тиіс. Агрономдар егістің дұрыс күтіліп-бапталуына қамқорлықты күшейтіп, колхозшыларға көмектесетін болсын. Колхоз басқармалары мен МТС дирекцияларының жауапкершілігі арттырылсын.

Жергілікті партия ұйымдары егіншілер арасындағы саяси-бұқаралық жұмысты егінді күтіп-баптауды қарқынды, сапалы жүргізуге бағыттаулары тиіс. Барлық күш мүмкіншілікті мол өнім жыйнаудың тағдырын шешетін осы істі үлгілі жүргізуге жұмылдырайық.

ССРО Ұлттық Парламент Тобының Парламентаралық Одаққа кіруі жайында

Баспасөзде хабар етілгендей, осы жылғы 29 июньде ССРО Жоғарғы Советінің депутаттары ССРО Ұлттық Парламент Тобын құрып, бұл Топ өзінің Парламентаралық Одаққа кіретінін мәлімдеді.

ССРО Ұлттық Парламент Тобының тапсыруына сәйкес Топтың Председателі депутат Д. Т. Шепилов ССРО Ұлттық Парламент Тобының құрылғаны туралы және оның Парламентаралық Одақтың кезекті 44-ші конференциясына қатысуы ұйғарылғандығы туралы Парламентаралық Одаққа хабарлады.

Қәзіргі уақытта Парламентаралық Одақтың Бас секретары А. Де Блон мырзадан телеграмма алынды, бұл телеграммада ССРО Парламент Тобының құрылғаны туралы хабар Парламентаралық Одақтың атқару комитетінің мүшелеріне дереу тапсырылатындығы көрсетілген.

Сонымен қатар Парламентаралық Одақтың 44-ші конференциясы ұйымдастыру комитетінің Председателі К. А. Фагерхольм мырзадан да телеграмма алынды, бұл телераммада былай деп хабар етілген: Ұйымдастыру комитеті ССРО Ұлттық Парламент Тобының құрылғаны туралы және оның Парламентаралық Одаққа кіруі туралы хабарды қанағаттанғандықпен қабыл алды және оның өкілдерінің конференцияға келуін күтеді.

Жер қабатындағы суды котлованнан сорып шығару

ВОЛЖСКИЙ. (ТАСС). Сталинград су торабының құрылыс алаңы ұлға түсуде. Мұнда су ағызатын плотина котлованың құрғату жұмысы басталды.

Бірнеше оңдаған гектар котлован апанынан топырақ сорғыш снарядтар миллиондаған текше метр топырақ шығарды. Бұл жерден су ағызып жіберілгеннен кейін экскаваторлар одан әрі жер қазады. Котлованның айналасын тереңнен су тартатын көптеген скважиналар қоршаған. Олардың қуатты насостары жер қабатындағы суды сорып шығаруда.

Болашақ шдюздің котлованында су деңгейін төмендету жұмыстары басталды.

Астананың жоғары оқу орындарында

Москваның жоғары оқу орындарында орта мектеп бітірген жастардан өтініштер қабылдау басталды.

Бұл күндерде Москваның М. В. Ломоносов атындағы университетіне келушілер өте көп. Моховаядағы үйдің мәжліс залы жастарға лық толы болады. Мұнда барлық он екі факультетке өтініштер қабылданады. Қазірдің өзінде төрт мыңдай өтініш қабылданды.

Физика, химия, механика-математика және геология-топырақ зерттеу факультеттеріне түсушілер бәрінен де көп. Жастар гуманитарлық факультеттеріне ерекше ынта қоюда.

Барлық өтініштердің тең жарымдайы еліміздің басқа қалаларының жігіттері мен қыздарынан түсті.

Қабылдау емтиханы 1 августа басталады. Быйылғы жылдан бастап орта мектепті күміс медальмен бітірушілер үшін де оқуға түсу емтиханы енгізіледі. Олар арнаулы орта дәрежелері оқу орындарының озаттарымен бірге бір пәннен емтихан тапсыруға тиіс.

Москваның И. В. Сталин атындағы станок аспаптары институтына күн сайын жүз жыйырма өтініш түсуде. Мұнда оқуға тілек білдірушілердің қатарында орта мектеп бітіргеннен кейін біраз уақыт өндірісте жұмыс істген жастар бар. Жоғары оқу орнының кешкі бөлімшесіне Москва кәсіпорындары мен мекемелерінің кәмелеттік аттестат алған жұмысшылары мен қызметшілерінен көптеген өтініштер түсті. (ТАСС).

Чернышевскийдің диссертациясының басылып шығуына жүз жыл толуына арналған мәжліс

5 июльде ССРО Көркемсурет академиясында Н. Г. Чернышевскийдің «Искусствоның шындыққа эстетикалық қатынасы» деген кітабының басылып шыққанына 100 жыл толуына арналған ғылыми мәжліс болды.

Петербург университетінде қорғаған өзінің магистрлік диссертациясында Чернышевский искусствоның мәні мен маңызы жөніндегі орыстың революцияшыл демократтарының көзқарастарын теория жағынан қорытты, философиялық тұрғыдан негіздеп дамытты.

Мәжлісте сөз сөйлеген ССРО Көркемсурет академиясының президенті А. М. Герасимов Чернышевскийдің еңбегі совет исскуствосы үшін өзінің маңызын осы уақытқа дейін жоймағанын атап көрсетті.

Орыстың ұлы ғалымы, сыншысы, публицисі және революционерінің әйгілі еңбегі туралы философия ғылымының кандидаты В. К. Скатерщиков баяндама жасады. (ТАСС)

Совет Одағында

Москва. Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде қант қызылшасынан мол өнім алуды бастаушылардың бірі Киев облысы, Велико-Половецк ауданындағы «Червоний гигант» колхозының звено Денисовна Кошеваяға орнатылған ескерткіш ашылды, Ескерткіш «Қант қызылшасы» павильонының алдына орнатылған.

1926 жылы Анна Денисовна өз селосында ұйымдасқан жерді бірігіп өңдеу тобына кіреді. Кейін село «Черновий гигант» колхозы деп аталды. Мұнда ол өз өмірінің соңғы күніне дейін, 1948 жылға дейін, звено бастығы болып істеді.

1935 жылы оның звеносы әрбір гектардан 531 центнер қант қызылшасын жыйнады, ал одан кейінгі жылдарда 500-700 центнерден алды. Украинаның қызылшашылары Мария Демченко және Марина Гнатенколармен бірге А. Д. Кошевая да қызылша егуді дамытуда маңызды роль атқарған «бесжүзшілер» бастамасын бастаушылардың негізін салушының бірі болған.

СУРЕТТЕ: Социалистік Еңбек Ері А. Д. Кошеваяның ескерткішінің қасында. Суретті түсірген Э. Евзерихин. (ТАСС-тың фотохроникасы).

Смоленск қорғанының қабырғаларын жаңғырту

СМОЛЕНСК, 5 июль. (ТАСС). Смоленскіде биік кірпішті және мұнаралы қалың қабырға Днепр бойын қуалай созылған. Бұл осыдан 350 жылдан астам уақыт бұрын салынған Смоленскідегі әйгілі қамал қабырғасының бір бөлігі.

Қазір ескі заманғы бағалы осы ескерткішті жаңғырту жұмыстары басталды.

Тарихи-архитектуралық басқа да кейбір ескерткіштер құрылыс ағаштарына бөленді. Благовещенск шіркеуі және Троицк монастірінің қоңырау мұнарасы жаңғыртылуда, бұлар 1738-74 жылдарда салынған.

Егін жыйнау

ДОНДАҒЫ РОСТОВ, 5июль. (ТАСС). Донда аңызақты ыстық ауа райынан кейін жаңбыр жауа бастады. Мұндай уақытта ашық күннің әрбір сағаты қымбат. Қыйыншылықтарды жеңе отырып, егіншілер техниканы неғұрлым жоғары өнімді пайдалануға, сөйтіп ауа райының қолайсыз болуы салдарынан өткізіп алған уақыттың есесін толтыруға ұмтылуда.

Западная МТС-інің механизаторлары 2500 гектардан аса масақты дақылдар орып зор табысқа жетті. Мұнда әрбір комбайнның жыйнаған егіні орта есеппен 22 гектар болып отыр. Егін оруда Двойнявская МТС-інің механизаторлары бұдан да жақсы нәтижелерге жетті. Оларда бір комбайнның бір тәулікте жыйнаған егіні орта есеппен 25 гектарға жетті.

Буденный МТС-інің комбайншысы Социалистік Еңбек Ері Нудько қос комбайнмен күніне 75 гектардан егін жыйнап гектарынан 19 центнерден астық бастырады. Куйбышев МТС-інің комбайншысы Кравченко жолдас және басқа көптеген механизаторлар Сталин атындағы колхозда гектарынан 20 центнерден аса бидей бастыруда.

Донның егіс даласында алғашқы 100 мың гектар егін орылып та үлгерді. Мемлекет қоймаларына алғашқы мыңдаған тонна бидай жеткізілді.

МАКАЧКАЛА, 5 июль. (ТАСС). Дағыстанның алқаптағы аудандарының колхоздары күздік арпа жыйнауды аяқтады. Механизмдерді топтап пайдалану әдісін және екі сменалық жұмысты кеңінен қолданып, мехнизаторлар егін жыйнауды өткен жылдағыдан екі есе тез өткізді. Үздік алда келе жатқан Шурагат, Макачкала және Манас МТС-тері арпаны он күннің ішінде орып алды.

Каспий бойының барлық жерінде астық көп бастырылды. Шурагат пен Карабудахкент аудандарының бірқатар колхоздарының егіс даласында жеке участоктерде гектарынан 30 центнерден астық бастырылды.

Күздік бидайды жыйнау жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде.

Ерлікке тәрбиелеу туралы фильм

5 июльде ССРО Мәдениет министрлігінде байқауы болған көркем суретті түрлі-түсті «Қанаттағы жұлдыздар» фильмі теңіз авиациясының жас офицерлерін тәрбиелеу тақырыбына арналған.

Киевтің көркемсуретті фильмдер киностудиясы шығарған картинада рольдергі Л. Фричинский, В. Тихонов, Ю. Соколов-Боголюбов, Украин ССР-нің еңбек сіңірген артисі Ю. Тимошенко және басқалары орындайды. Сценариін жазған Е.Помещиков пен В.Безаев. Фильмді қойған режиссер И. Шмарук. Композитор – Г. Жуковский. Әндердің текстін жазған Е. Долматовский мен П. Тычина.

Таяудағы күндерде фильм экрандарда көрсетіле бастайды. (ТАСС).

Мал шаруашылығы өнімдерін дайындау үлгілі ұйымдастырылсын

Правданың басмақаласы

Еліміздің алдыңғы қатарлы колхоздары мен совхоздары СОКП Орталық Комитетінің январь Пленумының мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді одан әрі арттыру жөніндегі тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындау жолындағы социалистік жарысты күннен-күнге кеңінен өрістетуде. Қазір сүт, ет, жүн, жұмыртқа тапсыру жөнінде мемлекет алдындағы міндеттемелерді неғұрлым тез орындау үшін ең қолайлы кезең туып отыр.

СОКП Орталық Комитеті январь Пленумының қарарларын жүзеге асыра отырып, Украин ССР колхоздары мен совхоздары 1955 жылдың бірінші жартысында сүт пен ет дайындаудың және сатып алудың мемлекеттік жоспарын ойдағыдай орындады. Олар 1 июльге дейін сүтті жылдың бірінші жартысындағыдан 245 мың тонна артық тапсырды. Украинаның Черновцы, Винница, Одесса және басқа облыстарының колхоздары мен совхоздары сүт, ет және жұмыртқа дайындау және сатып алу жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Сүт, ет және жұмыртқа дайындауда Москва облысының колхоздары мен совхоздары едәуір табыстарға жетті. Олар сүт дайындаудың және сатып алудың жартыжылдық жоспарын мерзімінен бұрын, 10 июньде орындады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Москва облысы бойынша өткен жылдың осы кезеңдегіден 19.040 тонна сүт артық дайындалды және сатып алынды; 1 июльге дейін мемлекетке өткен жылдың бірінші жартысындағыдан 3.200 тонна ет және 10.240 мың жұмыртқа артық тапсырылды.

Сибирьдің, Кубаньнің, еліміздің Орталығы мен Оңтүстігінің көптеген облыстарының колхоздары мен совхоздары сүт міндеттемелерді ойдағыдай орындауда. Рязань, Воронеж, Ленинград, Калуга, Новосибирск, Омск, Томск, Тюмень, Сахалин, Свердлов облыстары, Краснодар және Приморье өлкелері, Бурят-Монгол АССР, Латыш, Эстон, Қырғыз ССР-лері және басқа облыстар мен республикалар сүт дайындаудың және сатып алудың жартыжылдық жоспарын орындады. Еліміз бойынша тұтас алғанда сүт дайындаудың және сатып алудың жартыжылдық жоспары 102 процент орындалды.

Көптеген облыстар, өлкелер мен республикалар ет дайындауды және сатып алуды өткен жылғыдан анағұрлым ұйымшылдықпен жүргізуде. Өзбек ССР, Қазақ ССР, Қырғыз ССР, Грузин ССР, Молдаван ССР, Түркмен ССР, Әзірбайжан ССР және басқа республикалар ет дайындаудың жартыжылдық жоспарын асыра орындады.

Жүн дайындау және сатып алу биылғы жылдың бірінші жартысында өткен жылғыдан жақсы өткізілді. Жартыжылдық жоспар 106 процент орындалды. Өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда жүн 27 процент артық дайындалды және сатып алынды.

Алдыңғы қатарлы колхоздар мен совхоздардың тәжірибесі, істі дұрыс ұйымдастырған күнде, мал шаруашылығы өнімдерін дайындауды және сатып алуды неғұрлым жоғары қарқынмен жүргізуге болатындығын көрсетіп отыр. Көптеген шаруашылықтар мал шаруашылығы өнімдерін тапсыру жөнінде міндеттемелерді ойдағыдай орындау үшін, сиырды өрістетіп және бүкіл күн тәулігі бойы бағуды, сонымен қатар сиырға жаңа шабылған жас шөпті үстеме азық ретінде беруді ұйымдастыруда. Мысалы, Калуга облысындағы «Кудиново» совхозында көкшөп конвейерін қолдану және малды түнде бағу әдісі енгізілді. Мұның өзі малдың өнімділігін шұғыл арттыруға мүмкіндік берді. Совхоз мемлекетке сүт және ет тапсыру жөніндегі жартыжылдық тапсырманы бір жарым еседен де асыра орындады. Көптеген колхоздар мен совхоздар сиыр малын, шошқаны, қойды және құсты жайып семіртуге, жетілдіріп өсіруге және бордақылауға зор көңіл бөлуде.

Ал оның бержағында бірінші жарты жылдың деректері көптеген облыстарда, өлкелер мен республикаларда мал шаруашылығы өнімдерін дайындаудың және сатып алудың көрнеу қанағаттанғысыз жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Беларусь ССР, Қазақ ССР, Өзбек ССР, Карел-Фин ССР және Литван ССР, сонымен қатар РСФСР-дің Вологда, Псков, Арзамас, Ярославль және басқа кейбір облыстары сүт дайындау жоспарын орындаған жоқ. Армян ССР-нің, Литван ССР-нің, сонымен қатар Иркутск, Калинин, Тамбов облыстарының және басқа кейбір облыстардың колхоздары мен совхоздары ет дайындау жөнінде артта қалып отыр.

Мал шаруашылығы өнімдерін дайындау жоспарын орындау — колхоздар мен совхоздардың ең маңызды міндеті. ССРО Дайындау, Ауыл шаруашылығы, Совхоздар, Ет және сүт өнімдері өнеркәсіп министрліктері, Орталық тұтынушылар одағы, жергілікті партия және совет ұйымдары мал шаруашылығы өнімдерін дайындау және сатып алу ісіне басшылық етуді батыл жақсартуға, мемлекеттік тәртіп пен дайындау тәртібін нығайтуды қамтамасыз етуге, мемлекет алдындағы барлық міндеттемелерді орындау үшін колхоздар мен совхоздардың басшыларына қойылатын талапты күшейтуге тиіс.

Мал шаруашылығы өнімдерін сатып алуға елеулі көңіл бөлу керек. Солай бола тұрса да, ССРО Ет және сүт өнімдері өнеркәсіп министрлігі, Орталық тұтынушылар одағы дайындау ұйымдары мал шаруашылығы өнімдерін сатып алуды қанағаттанғысыз жүргізуде. Мысалы, ет сатып алудың жартыжылдық жоспары небәрі 75,4 процент қана орындалды. Мемлекетке сүт және ет сату жөнінде осы уақытқа дейін барлық колхоздармен түгел шарт жасалған жоқ, ал көптеген аудандарда тауарлардың мезгілінде жеткізілмеуі салдарынан колхоздар сатқан өнімдері үшін өздеріне қажетті өнеркәсіп тауарларын кооперация арқылы сатып ала алмай отыр. Колхоздар мен колхозшылардың мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке сатып алуды кең көлемде өрістету, барлық жерде де колхоздарға өнеркәсіп тауарларын сатуды қамтамасыз ету — совет дайындау және сауда ұйымдарының қызметкерлерінің борышы.

Мал шаруашылығы өнімдерін дайындау және сатып алу жоспарын ойдағыдай орындау — жергілікті партия, совет және ауылшаруашылық органдарының, барлық колхоздардың, МТС-тер мен совхоздардың аса маңызды міндеті.

(6 июль 1955 ж).