Назад

Цифрлы күйге алмастырған: Әбдіқапар Марқа

АҚШ-тың бөтен территориялардағы соғыс базалары.

Май айының орта шенінде жариялаған «Қару-жарақты азайту, атом қаруына тиым салу және жаңа соғыс қатерін жою мәселелері жөнінде Совет Үкіметінің ұсынысы» бөтен территориялардағы шетелдік соғыс базаларын жою қажеттігін көрсетеді. Мұндай базалардың болуы және ұйымдастырылуы территориясына соғыс базалары салынған және салынып жатқан елдердің суверенитетін бұзып, оларға жақын орналасқан мемлекеттердің орынды қауіптенуін туғызады. Бірқатар мемлекеттердің территорияларында көпшілігі белгілі бір мемлекеттердің атом соғысына әзірлік жүргізуінде пайдаланып отырған шетелдердің соғыс, соғыс-теңіз және соғыс-әуе базаларының болуы елдер арасындағы қатынастарда сенімсіздікті бұрынғыдан да күшейтеді және халықаралық шиеленісті ұлғайта түседі.

Бөтен территорияларда шетелдік соғыс базаларының болуы бейбітшілік ісіне қауіп туғызатындығы жөнінде советтік алдын-ала ескертудің маңызды және өте орынды екендігі қазіргі жағдайларда айқын көрініп отыр. Батыстың империалистік мемлекеттерінің «күш көрсету тұрғысынан» жүргізілетін саясаттың нақты көріністерінің бірі болып табылатын мұндай базаларды салуы кең көлемде жүргізіліп, жаңа соғыстың қауіпін күшейтуде. Әсіресе бөтен территорияларда соғыс базаларын ұйымдастыруды бүкіл капиталистік дүниені өзіне бағындыруға және оның ресурстарын Совет Одағына, Қытай Халық Республикасына, халықтық демократия елдеріне қарсы соғыс әзірлеу үшін пайдалануға тырысып отырған Америка Құрама Штаттары зор көлемде жүзеге асыруда. АҚШ-тың неғұрлым агрессияшыл топтарының мұндай тырысушылығы американдық монополиялардың дүние жүзіне өзінің үстемдігін орнату жөніндегі әлдеқашанғы мақсатымен тікелей байланысты.

1948 жылы американдық журнал «Форин афферс» Иэль университетінің профессоры Бернард Брэдидің бүкіл дүние жүзіне АҚШ-тың үстемдігін тарату жоспарларын ашық мойындайтын мақаласын жариялады. Мұндай жоспарлар, деп жазады Броди, өткен ғасырдың аяқ кезінен бері жасалып келеді. Бірақ ол кезде, деп күйінеді ол, американдық мақсаттарды жүзеге асыруға Великобританияның соғыс-теңіз күштерінің қуаттылығы кедергі болды: «XIX ғасырда, — деп көрсетеді Броди, — соғыс-теңіз күштері Великобритания үстемдігінің құралы болды». Мұның есесіне қазір, оның пікірінше, Великобританияның орнын АҚШ алатын уақыт жетті, өйткені оларда атом қаруы бар: «XX ғасырда, — дейді американ профессоры, — атом бомбасы АҚШ-тың дүние жүзіне үстемдік ету құралына айналды».

Мұндай өзіне сенгендік мәлімдеме АҚШ-тың агрессияшыл топтары атом қаруын өндіру саласында өздерін монопольдық жағдайда деп есептеп, жасалған еді. Бертін келе, атом қаруының Совет Одағында да бар екенін, сөйтіп АҚШ-тың «атомдық монополиясының» күйрегені белгілі болған кезде мұхиттың арғы жағындағы дүниежүзілік үстемдікке тырысушылар өздерінің стратегиялық және тактикалық бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Атом қаруының көмегімен американдық үстемдік орнату теориясына олар соғыс базалары туралы бөлім қосты. Белгілі американ публицисті Георг Уэллер «Мұхиттың арғы жағындағы базалар» деген кітабында АҚШ-та «алысқа жылжытылған» соғыс базаларының системасымен қатар атом қаруының болуы Құрама Штаттарға тиімді моментте жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға және атом қаруын қолдануға мүмкіндік береді деп арсыздықпен ашықтан-ашық мәлімдейді.

Көрнекті американ геополитигі — профессор Джон Киффер де осындай көзқараста. 1952 жылы басылып шыққан «Дүниежүзілік күш-қуаттың шындығы» деген кітабында ол, АҚШ-тың үстемдігін орнату үшін жаңа дүниежүзілік соғысқа әзірлену мақсатында американдықтар «жер шарының ең алыс түкпірлеріне еніп кетуге тиіс», ал атом қаруымен жабдықталған американ әскерлері «онымен түрлі мемлекеттердің территорияларын сеуіп тастауға тиіс» деп атап көрсетеді. Нью-Йорк пен Вашингтонның неғұрлым агрессияшыл топтарының пікірін білдіре отырып, АҚШ-тың қазіргі міндеті деп жазады Киффер, «дүние жүзіндегі маңызды стратегиялық пункттерді неғұрлым көбірек өзіне қаратуды қамтамасыз ету, бұл аудандарды ұстап тұруға біздің әскерлерді үйрету болып табылады».

Осы келтірілген пікірлердің өзінен-ақ бөтен территорияларда соғыс базаларының ұйымдастырылуы империализмнің көптеген насихатшыларының дәлелдеуге тырысатынындай, «қорғаныс мақсаттарынан» тумай, АҚШ-тың дүниежүзілік үстемдік орнатуын көздейтін агрессивтік, басқыншылық жоспарларынан туғандығын көруге болады. Бөтен территориялардағы американ соғыс базалары системасының өзі де, сондай-ақ оларды ұйымдастырудың сипаты да осыны көрсетеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында, АҚШ-тың соғыс-теңіз флоты министрінің сол кездегі жәрдемшісі Хенселдің анықтамасы бойынша, 39 елде 484 соғыс базалары болды. Соғыстан кейін олардың саны қауырт өсті. АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтері бойынша 1955 жылдың февраль айында бөтен территориялардағы американ базаларының саны 950-ге дейін көбейді, олар 63 елде орналасқан. Американ соғыс базалары (құрғақтық, теңіз, әуе) қазір «Юнайтед Стейтс ньюс энд Уорлд рипорт» журналының айтуына қарағанда «коммунистік емес дүниенің барлық елдерінде дерлік» бар.

«Коммунистік емес дүниенің» елдері туралы сөздерді журналдың атап көрсетуі кездей соқ емес. АҚШ-тың соғыс базалары Совет Одағын, Қытай Халық Республикасын және европалық халықтық демократия елдерін, яғни, бейбітшілік, демократия және соцализм лагеріне кіретін мемлекеттерді қоршайтындай етіп орналастырылған. Өзінің базаларын осылай орналастыра отырып, американ соғысқұмарлары мен бірқатар баспасөз органдары АҚШ-та базаларды Совет Одағына және халықтық демократия елдеріне қарсы агрессивтік басқыншылық қимылдарына арналып жабдықталған бомбалаушы авиацияның аттаныс пунктері ретінде пайдалану жоспарлары бар екенін жасырмайды. Бұл жөнінде американ журналы «Таймның» айтқан пікірлерінің айрықша сипаты бар. Жуырда ол дүние жүзінің үлкен картасын басып шығарды, оның бетінде американ соғыс базалары орналасқан елдер мен аудандар кішкене қара шаршылармен белгіленген және АҚШ соғыс ведомствосының жоспарына сәйкес осы базалардан американ самолеттерінің қай бағытта қимыл жүргізетіндігі көрсетілген. Сонда олардың қимыл жасайтын радиусына Москва, Пекин, Варшава, Прага, Бухарест, Будапешт, София, Ленинград, Шанхай, Пльзень, Плоешти және басқа ірі қалалар мен демократиялық лагерьдің өнеркәсіп орталықтары енгізілген. «Шабуыл жасаушы американ авиация базаларының жүйесі, - «Нью-Йорк таймс» газетінің мойындауынша, -арктикалық Исландиядан оңтүстікте Иранға дейін созылған. Олардан коммунистік елдердің өмірлік маңызы зор орталықтарына қарсы қимыл жасауға болады».

Жүгенсіз американ агрессорларының бұл арсыздық мәлімдемесі олардың американ соғыс базалары «АҚШ- ты қорғауға» арналған деп сендіруінің өтірік екендігін ашып, әшкерелейді. Жоқ, қорғану үшін емес, демократиялық лагерьге қарсы басқыншылық агрессивтік қимыл жасау үшін Құрама Штаттарға дүние жүзінің өзінің соғыс базаларымен шырмау керек болып отыр. Оларды ұйымдастыруда АҚШ-тың соғыс ведомствосы, бәрінен бұрын, барлық жерде американ монополияларының үстемдігін орнату үшін өздері әзірлеп жатқан жаңа дүниежүзілік соғыстың жоспарларын негізге алады.

Сонымен қатар бөтен территорияларда американ соғыс базаларының ұйымдастырылуы қазіргі кезде Құрама Штаттарға, бірқатар шетелдік мемлекеттерді барындыру мақсатына қызмет етіп отыр. Бұл Батыс Еуропаның мысалынан айқын көрінуде.

Соғыстан кейінгі жылдары, Құрама Штаттар «Батыс Еуропаның, Францияның, Германия Федералдық Республикасының, Италияның және басқа батысевропалық елдердің территорияларында 160 соғыс базасын салды. «Нью-Йорк таймс» газетінің анықтамасына қарағанда, бұл цифр да дәл емес және «Баспасөз хабарламайтын» бірқатар базалар оған кірмейді. Базалардың әрқайсысында американ соғыс бөлімдері орналасқан, мұның өзі Құрама Штаттардың Батыс Еуропаның бірқатар елдерін ресми емес оккупациялауы жағдайын туғызуда.

Англияда, ресми мәліметтер бойынша, американ солдаттары мен офицерлерінің саны 1949 жылы 6 мың адамнан 1954 жылдың июнь айында 45 мың адамға дейін көбейді. Англияның территориясында бейбіт уақытта шетелдік әскери қызметкерлердің ешқашан да мұндай көлемде болып көрмегендігін тіпті ағылшындық саяси қайраткерлердің өздері де мойындайды. Американ әскери қызметкерлері Францияда мұнан да көп орналасқан, ал оның бірқатар ыңғайлы стратегиялық пункттері американ аэродромдарына айналдырылған. Францияның прогресшіл баспасөзі шынында американдықтар Францияны оккупациялап отыр деп жазады. Мұны Италиядағы қазіргі жағдайды айта келіп, көптеген итальян газеттері де атап көрсетуде. Оның порттарында АҚШ-тың 6-шы соғыс теңіз флотының кемелері, ал бірқатар қалаларда және оларға жақын жерлерде американ әскери бөлімдері орналасқан. Соңғы кезде тәуелсіз және демократиялық Австрияны қалпына келтіру жөніндегі Мемлекеттік келісімге қол қойылуымен байланысты АҚШ-тың билеуші топтары Австрия территориясынан шығарылатын жаңа американ әскерлерін Италияға кіргізіп, оның солтүстік бөлігіне орналастыруды жоспарлап отыр. АҚШ-тың әскери бөлімдері мен американ әскери қызметкерлері, іс жүзінде Құрама Штаттар оккупациялап, Париж келісімдері бойынша бұл жағдайда үстіміздегі ғасырдың аяғына дейін қалуға душар болып отырған Герман Федералдық Республикасы туралы айтпағанның өзінде, Испания мен Исландияда да орналастырылған. Американ баспасөзінде жарияланған мәліметтер бойынша, АҚШ-тың тек әуе базалары Батыс Германияда — 34, Италияда — 21, Францияда — 45 болып отыр.

Батыс Еуропадағы американ соғыс базалары орналасқан аудандарды, басқа аудандардағы сияқты, АҚШ-тың соғыс ведомствосы жаңа соғыс авантюралары үшін плацдармдарға айналдыруда. Батыс еуропалық елдерде орналасқан Солтүстік-атлантикалық блоктың базалары да осындай плацдармдарға айналдырылуда. Бұл базалар тек формальді түрде ғана американдық емес, ал олардың көпшілігінде, мәселен, Дания мен Норвегияда әлі де болса, шетелдік әскерлер орналастырылған жоқ. Алайда мұндай базалар Солтүстік-атлантикалық блоктың қарулы күштерінің американдық баскомандашысының қарамағында, сондықтан АҚШ-тың соғыс ведомствосы тікелей болмаса да оларды бақылай алады.

1955 жылғы ақпанда АҚШ-тың қорғаныс министрлігі шетелдерде — американ базаларында және әскерлер орналасқан аудандарда — 1.370 мың солдаттар мен офицерлер бар деп хабарлады. Бұл әскери қызметкерлердің едәуір бөлігі Батыс Еуропа елдерінде орналасқан. Мұның олардың қоғамдық-саяси өміріне әсер етпей қоймайтындығы табиғи нәрсе. Бұл жөнінде кішкентай Исландияның мысалы айрықша көзге түседі. Мұнда тіпті толық емес және ескірген мәліметтер бойынша 5 мың американ әскери қызметшілері орналасқан (бұл республиканың барлық 150 мың халқына). Американ әскери қызметшілері Исландия өмірінің барлық жағына шексіз әсерін тигізіп, оның ішкі істеріне араласады. Мәселен, АҚШ-тың қысымымен Исландияда американ билеуші топтарына жағымсыз үкіметтің ауыстырылғаны жұртқа мәлім.

Американ әскери қызметшілері АҚШ соғыс базалары салынған және салынып жатқан басқа континенттердің елдерінде өздерін мұнан да жаман ұстауда. Американдықтар АҚШ-тың әскерлері 719 пунктіне орналасқан Жапонияны іс жүзінде әлі де оккупациялап отыр. Американ соғысқұмарлары чанкайшилік банданың қалдықтары тығылған Қытай аралы Тайваньда және Оңтүстік Кореяда қожайындық жүргізуде. Американ соғыс ведомствосы Нго Динь Дьем үкіметіне «Көмек» дегенді сылтау етіп, онда АҚШ-тың базаларын құрумен, одан француздарды ығыстырумен Оңтүстік Вьетнамдағы өзінің жағдайын нығайтуда. Таяу және Орта Шығыстағы, сондай-ақ Жерорта теңізі аумағындағы француздық Солтүстік Африкада, Түркияда, Иранда, Сауд Арабиясында АҚШ өзінің соғыс базаларын салды және әлі салып жатыр. Американ соғыс базалары орналасқан барлық елдер қадам басқан сайын АҚШ-қа тәуелді болу торымен шырмала түсуде. Бөтен территорияларда АҚШ-тың соғыс базалары неғұрлым ұзақ уақыт болса, солғұрлым олар бірқатар елдердің тәуелсіздігіне көбірек қауіп туғызады деп, Англияның «Дейли уоркер» газетінің атап көрсетуі сөзсіз әділ.

Өзінен өзі түсінікті, жерінде американ соғыс базалары бар барлық елдердің халықтары бұған күшті наразылық білдіруде. Бұдан біраз уақыт бұрын «Нью-Йорк уорлд телеграмм энд Сан» газеті мақала жариялап, онда Батыс Еуропадағы американ саясатының жер шарының осы бөлігіндегі халықтардың «Құрама Штаттарға жеккөрушілігін» туғызып отырғанын мойындады. «Көмек» туралы декларациямен бүркемеленген американ экспансиясының құрбандығы болып отырған барлық басқа елдердің халықтары да АҚШ жөнінде осындай сезімде. Мәселен американдық «Крисченс сайенс монитор» газетінің хабарына қарағанда, 1954 жылы Жапонияда американ соғыс базаларына және американ әскери қызметшілеріне қарсы халықтың жүзге жуық бұқаралық бас көтеруі болды.

Бөтен территориялардағы шетелдік соғыс базаларын жою жөніндегі Совет Одағының ұсынысы бейбітшілікті сақтаудың және нығайтудың мүдделеріне сай келеді. Бірақ, соған қарамастан АҚШ-тың билеуші топтары мен олардың Батыс Еуропадағы серіктестері қару-жарақты азайту, атом қаруына тыйым салу және жаңа соғыс қатерін жою мәселелері жөніндегі советтік ұсыныстарды қабылдау былай тұрсын, тіпті оларды іскерлікпен талқылауға да көріне қарсы шығып отыр. Алайда бұл қарсылық, оны көрсетіп отырғандарды, халықтардың өмірлік мүдделерін өздеріне жат санайтын адамдар ретінде әшкерелейді. П.ГРИНИН.

ССРО Сыртқы Істерт Министрі В. М. Молотовтың Шербурға келуі.

ПАРИЖ, 4 шілде. (ТАСС). БҰҰ-ның Сан-Францискодағы мерекелік сессиясына қатысқан совет делегациясын басқарған ССРО Министрлер Советі Председателінің Бірінші орынбасары және Сыртқы Істер Министрі В. М. Молотов бүгін «Куин Элизабет» пароходымен Шербургқа келді. Шербург портында В. М. Молотовты және оның қасына ерген адамдарды ССРО-ның Франциядағы елшісі С. А. Виноградов, СПАРИЖ, 4 шілде. (ТАСС). БҰҰ-ның Сан-Францискодағы мерекелік сессиясына қатысқан совет делегациясын басқарған СССР Министрлер Советі Председателінің Бірінші орынбасары және Сыртқы Істер Министрі В. М. Молотов бүгін «Куин Элизабет» пароходымен Шербургқа келді. Шербург портында В. М. Молотовты және оның қасына ерген адамдарды СССР-дің Франциядағы елшісі С. А. Виноградов, Совет елшілігінің жауапты қызметкерлері және қаланың супрефекті Рене Дижу қарсы алды.

Сол күні В. М. Молотов және оның қасына ерген адамдар Мәскеуге ұшып кетті. Шербург аэродромында оларды ССРО-ның Франциядағы елшісі С. А. Виноградов, Совет елшілігінің жауапты қызметкерлері және қаланың су-префекті Рене Дижу шығарып салды.

Аргентинадағы совет өнеркәсіп көрмесінің жабылуы.

БУЭНОС-АЙРЕС, 4 шілде. (ТАСС). Кеше Буэнос-Айресте совет өнеркәсіп көрмесі жабылды, бұл көрме ССРО-ның өнеркәсіп көрмесі қарқынмен өркендеп отырғандығының айғағы болды және Совет Одағының Аргентинамен, тағы басқа елдермен сауда жасауда аса зор экспорттық мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Аргентинаның ықпалды «Ла Эпока» газетінің жазғанындай, көрме Аргентина үшін және оның кәсіпкер топтары үшін «Қазіргі заманғы Ресейді айқын көрсеткен» сәуле болды.

Көрме аса зор табысқа жетті, ол жалпы жұрттың ынтасын тудырып, мұнда көптеген адамдар келді, олар көрмеде қойылған экспонаттарға жоғары баға берді. Көрме жұмыс істеген уақыттың ішінде онда өнеркәсіп орындарының, мекемелердің, ұйымдардың және оқу орындарының жүзден аса делегациясы болды. Көрмеде небәрі 2,300 мыңға жуық адам болды.

Индияның Премьер-Министрі Нерудің Югославияда болуы.

БЕЛГРАД, 4 шілде. (ТАСС). «Борба» газетінің хабарына қарағанда, Индияның премьер-министрі Неру Югославияның президенті Титомен бірге кеше түске дейін Сараеводағы «Зеница» металлургия комбинатында және «Ябланица» су электр станциясында болған. Сараевода Нерудің құрметіне Босния мен Герцеговина халық скупщинасының председателі Пуцар күндізгі қонақасы берген.

Неру мен Тито түстен кейін автомашиналармен Мостарға, содан кейін Дубровникке жүріп кеткен, сол арадан олар «Ядранка» катеріне мініп, Сплитке бармақ.

Женева кеңесі туралы Париж баспасөзінің пікірлері.

ПАРИЖ, 4 шілде. (ТАСС). Париж баспасөзі ССРО, АҚШ, Англия және Франция үкіметтері басшыларының Женевада шақырылатын алдағы кеңесіне арналған мақалалар басуда.

Батыс елдерінде бұл кеңестің маңызын кемітуге әрекет жасалып жатқанын атап көрсетіп, «Перспектив» апталығы мұның себебін былай деп түсіндірген: қазіргі кезеңде «батыстың позициясы туралы айту қиын», өйткені «батыс державалары осы уақытқа дейін қимыл жасамай, тек қана көңіл бөліп келеді», олар «ешқандай түбірлі жоспар жасаған жоқ».

«Трибюн де насьон» газеті Францияның батыс лагерінде бағынышты жағдайда әлі де қалып отырғанына наразылық білдірген. «Шетелдіктер, — деп жазған газет, — Францияның халықаралық тұрмыстағы дәрежесі қандай деп ешбір қаймықпастан және барған сайын жиі-жиі сұрақ қоюда...» Газет француз сыртқы істер министрлігін қазіргі жағдайға сәйкес қимыл жасауға және халықаралық саясаттағы «ақылға сыймайтын тәуелділіктен» бас тартуға шақырған.

Католиктік «Эспри» журналы былай деп санауда: Женевада жүргізілетін болашақтағы келіссөздер «бейбітшілік ісіне зор мүмкіндік» береді, сондықтан Франция келіссөздердің табысын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерден бастартпауға тиіс.

Индия Парламенті депутаттарының Гоадағы жағдайға арналған съезі.

ДЕЛИ, 4 шілде. (ТАСС). Индия информация бюросы былай деп хабарлайды: 2 шілдеде Мадраста Индия парламентіне кіретін барлық партиялардың фракциялары өкілдерінің съезі болды, бұл съезде дүние жүзінің барлық цивилизациялы ұлттарына үндеу қабылданып, олар Гоадағы жағдайдың елеулі екендігін түсінуге және «Гоадағы ешқандай кінәсіз еркектер, әйелдер, балалар жөнінде Португалияның өкімет орындары қолданып отырған орта ғасырдағы озбырлықтың масқаралық азаптары мен әдістерінің» керсолпы куәлері болмауға шақырылды.

Гоадағы жағдай «барлық әділетті адамдарды құрметтеу сезімінен айырылған отаршыл державаны ақылға келуге мәжбүр ету үшін қажет болатын тікелей шаралар туралы мәселені елеулі түрде қарауға» парламенттің мүшелерін итермелеп отыр.

Съезге қатысушылар Португалия меншіктеніп отырған жерді азат етуді және Индиямен біріктіруді қамтамасыз ету мақсатын көздейтін селқос қарсыласу қозғалысына қатысушылардың қаһармандық күш-жігерін құттықтады және Амирчанд Гуптаның қайғылы қаза болуымен байланысты қатты қайғырғанын» білдірді, «өйткені ол Гоаны азат ету және Гоаны Индиямен біріктіру ісінің мүддесі үшін өзінің өмірін ерлікпен құрбан етті».

Гоаны Индияға қосу жолындағы қозғалыс.

ЛОНДОН, 4 шілде. (ТАСС). Рейтер агенттігі Бомбейден былай деп хабарлайды: 3 шілдеде Пресс Траст оф Индия агенттігі мынаны хабарлады: Индияның жеті штатынан шыққан 55 ерікті Гоаны Индиямен біріктіруге бағытталған селқос қарсыласу қозғалысына қатысу үшін Гоаға өткен. Бұл — Гоаның ұлттық конгресс партиясы және Гоаны азат ету комитеті жіберген еріктілердің жетінші тобы. Ал Гоаны азат ету комитетіне барлық партиялардың өкілдері кіріп отыр.

Сирия армиясының бас штабы бастығы көмекшісінің өлтірілуі туралы іс жөніндегі айыптау қорытындысы.

БЕЙРУТ, 4 шілде (ТАСС). Сирияның газеттері Сирия армиясының бас штабы бастығының көмекшісі полковник Аднан Маликидің өлтірілгені туралы іс жөнінде соғыс прокурорының айыптау қорытындысының текстін жариялады. Айыптау қорытындысында көрсетілгеніндей, тергеу материалдары Маликиді өлтіру әрекетін ұлттық-әлеуметтік партияның басшылығы, атап айтқанда, осы партияның председателі Жорж Абдель Масих әзірлегенін көрсетеді.

Тергеу материалдарынан көрініп отырғанындай, ұлттық-әлеуметтік партияның басшылары көлемді шпиондық жүйелер құрған, Сириядағы американ елшілігімен байланыс орнатып, оған құпия мәліметтер беріп келген, сонымен қатар Сирияны Орта Шығыстағы агрессиялық блокқа қатыстыру мақсатымен мемлекеттік төңкеріс әзірлеген. Тергеу материалдары ұлттық-әлеуметтік партияның сонымен бірге ағылшын және француз разведкаларымен қызметтерімен де байланыста болғанын көрсетті.

Индонезиядағы жағдай.

ДЖАКАРТА, 3 шілде (ТАСС). Индонезияда жалпыға бірдей сайлау уақыты жақындаған сайын саяси жағдайдың айқын шиеленісе түскені байқалады. Баспасөздің хабарларынан көрініп отырғанындай, реакцияның күштері халықтың артып отырған бірлігін ыдыратып үкімет дағдарысын тудыруға, сөйтіп сайлауды кейінге қалдыруға тырысуда. Оппозицияның партиялары қорғаныс министрі Кусумасумантриге сенім көрсетпеу туралы парламенттің бір топ депутаттарының ұсынысын кеңінен уағыздауда. Полковник Лубис бастаған жоғары дәрежелі офицерлердің бір тобы генерал Бамбанг Утойоны құрғақтағы күштер штабының бастығы етіп тағайындау туралы үкіметтің қарарын әлі де елемеуде. Барлық соғыс округтері мен жергілікті гарнизондардың командирлері қазір Джакартада жиналуда, бұлардың көпшілігі полковник Лубисті қолдауда.

Кеше Министрлер кабинетінің ұзақ мәжілісі болған. Қалың жұртшылық топтары қырағы болуға шақыруда, өйткені жоғары дәрежелі офицерлердің белгілі бір тобы елде соғыс-фашистік тәртіп орнатуға және республиканың демократиялық жеңістерін жоюға тырысуда. Бүгін юстиция министрі Гондокусумоның мәлімдемесі жарияланды, ол армияны өз мақсаттарына пайдаланып, республиканы қауіпті жағдайға душар еткісі келетін элементтерге қарсы қатаң шаралар қолдануға шақырған.

Оппозицияның баспасөзі жағдайдың ауытқымалы екендігі жайында және үкімет дағдарысының тіпті сайлаудан бұрын болуы мүмкін екендігі туралы мақалалар таратуда.

ТҮЗЕТУ

Газетіміздің 7 шілдедегі нөмірінде жарияланған К. Е. Ворошилов жолдастың сөзінің төртінші бағанасының жоғарыдан санағандағы екінші сөйлемі былай деп оқылсын: «Осы сүйсінерлік жағдайды пайдаланып, оқуды бітіргендерді оқу курсын аяқтағанымен дербес өмір сүруге қадам басқанымен шын жүректен құттықтаймын және оларға зор табысқа жетулеріне тілектеспін». Редактор Б. ИСАБЕКОВ.