Цифрлы күйге алмастырған: Шаймолданова Нурия
Ұлы Ленин коммунистік қоғам орнатуда еңбек өнімділігін арттыру орасан зор роль атқаратындығын ерекше күшпен атап көрсетті. Еңбек өнімділігін арттыру,-деп жазды В.И.Ленин,-жаңа қоғамдық құрылыстың жеңуі үшін ең маңызды, ең басты шарт болып табылады. Еңбек өнімділігін арттырып отырмайынша коммунизмге біржолата өту мүмкін емес.
Еңбек өнімділігін жұмысшының белгілі уақыт өлшемінде өндірген өнімнің санымен, былайша айтқанда белгілі бір өнімді шығаруға жұмсалатын жұмыс уақытымен өлшенетіні мәлім. Еңбек өнімділігі неғұрлым жоғары болса, белгілі бір өнімді өндіруге қоғамдық-қажетті жұмыс уақыты соғұрлым аз жұмсалады, белгілі уақыт ішінде өнім молырақ өндіріледі.
Еңбек өнімділігін арттыру қандай да болсын қоғамның экономикалық заңы болып табылады. Әрбір жаңа қоғамдық формация оның алдындағы формациямен салыстырғанда қоғамдық еңбек өнімділігі дәрежесінің одан да гөрі жоғары болуын қамтамасыз етеді. Алайда, бұл жалпыға тән экономикаллық заң қоғамдық құрылыстың нақтылы жағдайларына қарай әртүрлі қоғамдық формацияларда түрлі сипатта болады. Мысалы, капитализм тұсында еңбек өнімділігі жұмысшы күші құнының төмендеуіне, яғни жұмысшының жалақасының кемуіне, ал оның есесіне капиталистер иемденетін қосымша құнның артуына әкеліп соғады. Капитализм тұсында еңбек өнімділігін арттыру жағдайлары қазіргі заманғы капитализмнің негізгі экономикалық заңымен белгіленеді және капиталистік көп пайданы қамтамасыз ету мақсатына бағынышты. Міне сондықтанн да, капиталистік қоғам жағдайларына еңбек өнімділігін арттыру еңбекшілерді қанаудың, күйзелтіп, қайыршыландырудың құралдарының бірі болып табылады.
Тек социалистік қоғамда ғана, жұмысшы күші товар емес жерде, капиталистік жеке меншік орнына социалистік меншік орнаған қоғамда еңбек өнімділігін барынша арттыру үшін шексіз мүмкіншілктер бар. Коммунистік партия мен Совет үкіметі оларды нақты іске асыру үшін орасан зор жұмыстар жүргізуде. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі үздіксіз артуда. 1928 жылдан 1953 жылға дейінгі уақыт ішінде өнеркәсібімізде еңбек өнімділігі шамамен 6 есе, құрылыста және теміржол транспортында 3,5 есе артты. Колхоздар мен совхоздарда еңбек өнімділігі революцияға дейінгі ауыл шаруашылығы еңбек өнімділігінен үш есе артық болып отыр. Соңғы екі жылда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі онан әрі өсті.
Еңбек өнімділігін үздіксіз арттырудың экономикалық негізгі-ауыр өнеркәсіп. Біздің еліміздің экономикасы ойдағыдай өркендетуде. Коммунистік партия мен Совет үкіметі марксизм-ленинизм ілімін басшылыққа ала отырып, ауыр өнекәсіпті барынша дамыту жөніндегі сара жолын дәйекті түрде жүргізуде, мұның өзі халық шаруашылығын алдыңғы қатарлы техникамен жабдықтауға, жаңа күшпен алға басуға мүмкіндік беруде. Халық шаруашылығының барлық саласында еңбек өнімділігін арттыру совет халқының материалдық әл-ауқатын бұрынғыдан да жақсартуды қамтамасыз ететін шешуші факторлардың бірі болып отыр.
Біздің елімізде техниканы толық пайдаланып, өндірістік қуаттылықтарды меңгеріп, алдыңғы қатарлы технологияны қолданып, еңбекті жақсы ұйымдастыру нәтижесінде қоғамдық еңбек өнімділігін арттыруда зор табыстарға жеткен алдыңғы қатарлы кәсіпорындар мен өндіріс жаңашылдары көп. Мысалы, аса ірі Магнитогорск металлургиялық комбинатында әрбір жұмысшыға шаққанда ең жоғары өнім алынуы қамтамасыз етілді. Бұл қара металлургия министрлігінің барлық кәсіпорындарында шығарылатын өнім дәрежесімен салыстырғанда екі-үш есе артық.
Озат кәсіпорындар Шығыс Қазақстанда да бар. Мәселен, Ертіс полиметалл комбинатының коллективі, технологиялық процесті жетілдіру және руда өндірудің неғұрлым өнімді әдістерін қолдану нәтижесінде осы бесжылдықта руда шығаруды екі есе арттырды. Ал Березовка руднигінде еңбек өнімділігі Маслянек руднигінен екі есе артық. Мұнда осы екі рудниктің жағдайы бір екендігін атап көрсету керек.
Қазіргі уақытта ССРО өнеркәсіп өнімінің төрттен үш бөлігіне жуығы еңбек өнімділігін арттыру есебінен алынуда. Еңбек өнімділігін үздіксіз арттыра беру халық шаруашылығының барлық салаларында өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, қорды мол жинауға, материалдық игіліктер өндірісін ұлғайта түсуге, еңбекшілер тұтынатын заттардың бағасын төмендетіп, халықтың әл-ауқатын үздіксіз арттыруға жағдай жасайды. Еңбек өнімділігін арттыру ұлттық табыстың өсуінің негізгі факторы болып табылады. Төртінші бесжылдықта ұлттық табыстың 80 проценті еңбек өнімділігін арттыру нәтижесінде қамтамасыз етілді. Бесінші бесжылдыққа бұл көрсеткіш мөлшері ұлғаяды. Еңбек өнімділігінің үздіксіз артуы еліміздің мызғымайтын экономикалық қуатын, қорғаныс қабілетін бұрынғыдан да нығайта түсуде.
Сөйтіп, халық шаруашылығының барлық саласында еңбек өнімділігін үздіксіз арттыру социалистік өндірісті ұлғайтып, еңбекшілердің материалдық және мәдени дәрежесін жақсартудың, социализммен коммунизмге өтудің материалдық және рухани алғы шарттарын жасаудың кепілі болып табылады.
Біздің елімізде еңбек өнімділігін арттыруда қол жеткен табыстар сөзсіз мол. Бірақ бұл істе елеулі кемшіліктер бар екендігін ұмытуға болмайды. Мысалы, бесінші бесжылдық жоспар бойынша өнеркәсіпте еңбек өнімділігі 50 процент, құрылыста 55 процент артуға тиісті. Алайда, бесжылдықтың төрт жылының қорытындысы еңбек өнімділігінің өсуі бесінші бесжылдық жоспардың тапсырмаларынан артта қалып отырғандығын, біздің халық шаруашылығымыздағы зор мүмкіншіліктер бірсыпыра кәсіпорындарда нашар пайдаланылып отырғандығын көрсетеді.
Біздің облысымыздың бірқатар өнеркәсіп орындары мен құрылыс участоктерінде еңбек өнімділігі жөніндегі тапсырма нашар орындалып келеді. Зырян комбинатында еңбекті көп керек ететін процестерді механикаландыруды жете бағаламау, еңбекті қанағаттанғысыз ұйымдастыру салдарынан жұмысшының еңбек өнімділігі арттыру жөнінен ең артты қалып келеді.
Техниканы және технологияны үздіксіз жетілдіріп, үнемі техникалық прогресс жасалуын қамтамасыз ету еңбек өнімділігін үздіксіз арттырудың аса маңызды көзі болып табылады. Ленин барлық жерде де машиналарды көбірек пайдаланып, машиналық техниканы қолдануға кеңінен көшу, өндірісті механикаландыру және автоматтандыру керек деп үйретті. Техниканың еңбек өнімділігінің өсуінде шешуші роль атқаруы туралы лениндік идеяларды дамыта отырып, И.В.Сталин техника бір орында тұрып қала алмайды, ол үнемі жетілуде болады, ескі техника қатардан шығарылып, жаңа техникамен ауыстыруға,ал жаңа одан да жаңа техникамен ауыстырылуға тиісті деп жазды. Еліміздің халық шаруашылығы жаңа, жетілдірілген машиналармен, техникамен үздіксіз қарулануды, мұның өзі жұмысшылардың еңбегін өнімділігін елеулі түрде арттыруды. Мәселен, соғыстан кейінгі жылдары ССРО өнеркәсібі 150 милиард сомнан астам қаржыға жаңа машиналар мен жабдықтар алды. Транспортқа 50 миллиард сомның, ауыл шаруашылығына 60 миллиард сомның жаңа техникасы жіберілді. Біздің еліміз өндірісті механикаландыру жөнінде барлық капиталистік елдерді әлде қашан басып озды. Болып көптеген техникалық прогрестің нәтижесінде біздің елімізде комплексті механикаландыру жүзеге асырылуда.
Айтып өту керек, ауыр өнеркәсіп өндірісінің негізгі процестерін механикаландыру толық жүзеге асырылғанымен, бізде көптеген көмекші процестер нашар механикаландырылған. Мұның өзі негізгі және көмекші жұмыстардағы еңбек өнімділігінің дәрежесі арасында елеулі алшақтық болуына соғып, еңбек өнімділігінің жалпы дәрежесінің артуына бөгет болып отыр. Ал тұтыну заттарын өндіретін бірқатар салаларда еңбектің негізгі процестерін механикаландыру да аяқталған жоқ. Ауыл шаруашылығы өндірісінде комплексті механикаландыру мәселесін шешудің маңызы да орасан зор болып отыр. Мысалы, астық шаруашылығында жер жырту 98 процент, егіс 93 процент, егін жинау 77 процент механикаландырылса, дән тазалау небәрі 20 процент көлемінде ғана механикаландырылып отыр.
Көмекші процентерді механикаландырудың артта қалушылығы еңбек өнімділігін онан әрі өсіруде және өндірістің негізгі процестерін механикаландырғанда қол жеткен үнемді толық пайдалануға бөгет болып отыр. Сонддықтан еңбек процестерін барлық буындарын механикаландыру қажет.
Техниканы, машиналарды, бүкіл жабдықты толық пайдалану-еңбек өнімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі. Сондықтан өндіріске озат технологияны, еңбектің жетілдірілген әдістерін кеңінен енгізу қажет. Алайда, біздің кейбір кәсіпорындарымызда өндірісті ұйымдастыруда ірі-ірі кемшіліктер бар. Жұмысты бірқалыпты істемеушілік, аптығушылық фактілері өндіріс қуаттылықтарының жете пайдаланылмауына, өнімнің өзіндік құнының жоғарылауына, жұмыста брактың көбеюіне әкеліп соғады.
Қазіргі уақытта халық шаруашылығының барлық салаларында жұмысты графикпен істеу кеңінен қолданылуда. Еңбек өнімділігін арттыру үшін тәуліктік графиктен сағаттық графикке көшудің маңызы үлкен. Мұның өзі графиктің ұйымдастырушылық ролін арттырады, негізгі құралдардың жұмыс істеу дәрежесін сағат сайын бақылап отыруға және белгіленген тәртіпті бұзушылық фактілерін дерек жоюға мүмкіндік береді. Өнеркәсіпте ғана емес, ауыл шаруашылығында да жұмысты графикпен істеу объективтік қажеттілік болып отыр.
Табыс кілті кадрлардың қолында. Сондықтан маман кадрларды әзірлеу жұмысын жақсарту, еңбек өнімділігінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету керек. Коммунистік партия мен Совет үкіметі халық шаруашылығының барлық салалары үшін маман кадрлар даярлау жұмысын кең өрістетті. Жоғары және орта дәрежелі оқу орындарында, қолөнер училищелерінде және ФЗО мектептерінде жүздеген мың мамандар армиялары әзірленіп отырады. Соңғы төрт жылда бұл мектептерде екі милионнан астам маман жұмысшылар әзірленді. Бесжылдықтың осы төрт жыл ішінде жеке және бригадалық оқу бойынша және курстарда 30 миллионнан астам адам мамандықтарын арттырды.
Еліміздің еңбекшілерінің мәдени-техниикалық дәрежесінің артуы, олардың коммунистік саналылығының өсуі, еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылуы бұқараның өндірістік өрлеуінде, бүкілхалықтық социалистік жарыста айқын көрініп отыр. Жарысқа күнбе-күн көңіл бөліп, алынған міндеттемелердің орындалуын бақылау жүзеге асырылып, соцалистік жарыстың кеңінен жариялы болуы қамтамасыз етілген жерде нәтиже де көп. Социалистік жарыс өндірісті жетілдіруге, оған алдыңғы қатарлы техника мен технологияны енгізуге, озат еңбек әдістерін кеңінен қолдануға бағытталуда.
Техникалық прогресс, еңбек өнімділігін арттыру жолындағы күресті өрістету үшін өнертапқыштар мен рационализаторлардың қозғалысының маңызы ерекше болып отыр. Бұл қозғалыс совет адамдарының социалистік өндірісті жетілдіруге мейлінше мүдделі екенін, олардың жалынды патриотизмін айқын бейнелейді. Төртінші және бесінші бесжылдық жылдарында өнеркәсіпте, құрылыс пен транспортта бес миллионнан астам өнертабыстар, техникалық жетілдірулер және рационализаторлық ұсыныстар енгізілді. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттыру есебінен миллиардтаған сом қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. 1954 жылы ғана бір миллион 637 мың рационализаторлық ұсыныс жасалды. Бұл 1950 жылғыдан 400 мың ұсыныс көп жасалды деген сөз.
Социализм тұсында еңбекшілер өзіне,өз қоғамына еңбек етеді. Мұны түсінушілік еңбекке ынталы мейлінше арттырады. Сонымен бірге социализм кезінде еңбекшілердің өндіріс нәтижелеріне материалдық ынталылығын арттырудың маңызы орасан зор. Бұл олардың белсенділігін күшейте түседі. Еңбек өнімділігі саласында да жұмысшылардың, инженер-техник қызметкерлердің, колхозшылардың және басқаларының материалдық ынталы болуы принципін қатаң сақтап отыру қажет. Осы мәселеде әлі де болса елеулі кемшіліктер орын теуіп отырғандығын ескермеуге болмайды. Мысалы, «Алтайсвинецстрой» тресінде соңғы уақыттарға дейін еңбек өнімділігін арттыру тапсырмасын орындамағанына қарамастан, сыйлық берушілік практикасы қолданылып келді. Бұл, әрине, дұрыс емес.
Қоғамдық және жеке мүдделерді дұрыс ұштастыру міндеті еңбек өнімділігінің өсуі еңбек ақының өсуінен озық болуын талап етеді. Алайда, соңғы төрт жылда бізде өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігі 33 процент өссе, еңбекақы 37 процент өсті. Социалистік өндірісті онан әрі дамыту, еңбекшілердің материалдық әл-ауқатын артыру мүддесі еңбек өнімділігінің өсуі еңбекақы өсінен алда болуын қажет етіп отыр.
Халық шаруашылығының барлық салаларында еңбек өнімділігін арттырудың аса маңызды шарттарының бірі еңбек тәртібін нығайту болып табылады. «Еңбек өнімділігін арттыру үшін қатардағы жұмысшылардың ауыр еңбекті жеңіп шығатын жан қиярлық қамқорлығы туған жерде коммунизм басталады», деп көрсетті В.И.Ленин.
Совет адамдарының басым көпшілігі еңбекке саналы, адалдықпен қарайды, еңбек тәртібін қолдап, нығайтып отырады. Сонымен бірге әлі еңбекке немқұрайлылықпен қараушылық фактілері, капитализмнің қалдықтары әлі толық жойылмағандығын ескеру, өз міндетіне ұқыпты қарамайтын, қоғамнан көбірек алып, өзі оған азырақ беруге тырысатын адамдар әлі де кездесетіндігін ескеру қажет. Көптеген кәсіпорындар мен құрылыстарда қыдырымпаздық, жұмысқа дәлелді себепсіз кешігіп келушілік, еңбек тәртібін бұзушылық фактілері кездеседі. Бұл кемшіліктерді қою-еңбек өнімділігін арттырудың үлкен кепілдерінің бірі.
Өнеркәсіп қызметкерлерінің жуықта болып өткен Бүкілодақтық кеңесі өзінің үндеуінде әрбір жұмысшыны, инженер-техник қызметкері және қызметшіні еңбек өнімділігін үздіксіз арттыруға, өндіріске таңдаулы кәсіпорындар мен жаңашылдардың тәжрибесін кеңінен енгізуге шақырды. Халық бұқарасының еңбек өнімділігін онан әрі арттыруға бағытталған күресі коммунистік құрылыстың міндеттерін ойдағыдай шешуге жағдай жасайды.
В.БЕЛЯЕВ.
«Заводстрой» құрылыс участогінің жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлері «Алтайсвинецстрой» тресі бойынша социалистік жарыста үнемі алда келеді. Олар бесінші бесжылдық жоспарды 1955 жылдың 1 маусымында ойдағыдай орындап шықты.
Құрылыс участогінің коллективі қол жеткен табыстарын баянды өте отырып, еңбек қарқынын маусым айында да бәсеңдеткен жоқ. Соның нәтижесінде мұнда генподряд бойынша үстіміздегі жылдың өткен алты айының өндірістік жоспары 150,7 процент, өз күштері бойынша 109,3 процент орындалды.
Бұл табысқа құрылысшылар коллективінің барлық күш-жігерін және ішкі резервтер мен мүмкіншіліктерді тиімді пайдалана білудің нәтижесінде қол жетті.
Зырян қорғасын комбинаты рационализаторлары мен жаңашылдарының кеңесі болды. Оған 200-ден астам кеншілер, байытушылар, инженерлер мен техниктер қатысты. Комбинат бас инженерінің орынбасары Травников жолдас қысқаша баяндама жасады.
Жарыссөзде сөйлеген Машонкин, Пантелеев, Якупин, Гарколин және басқалары өндіріске рационализаторлық ұсыныстарды енгізу жөнінде тәжрибелерін ортаға салды.
Кеңес рационализаторлар, жаңалық табушылар қатары әсіресе байыту фабрикасында, Заводской руднигінде көбейіп отырғандығын атап көрсетті. Кеңестен кейін көптеген рационализаторларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
И.ИВАНОВ
Андреев атындағы колхозда (Тарбағатай) бастауыш мектеп жанынан мал отары участоктеріндегі малшылардың балалары үшін интернат ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылында 24 оқушы жатақханада тұрып оқитын болады.
М.ТОҚЖІГІТОВ.
Ворошилов атындағы колхоздың (Таврия ауданы) қойлары жыл сайын көбейіп, тұқымы жақсартылуда. Қазір мұндағы қойлардың көпшілігі биязы жүнді. Мұның нәтижесінде қой өнімі де артуда.
Колхоздың қой шаруашылығын өркендетуге шопан Байбалинов Мүсілім қарттың қосқан үлесі зор. Еңбек сүйгіш қарт биыл қарауылдағы 703 қойдың әрқайсысынан 2 килограмм 300 граммнан жүн қырқылуын қамтамасыз етті.
Он жылдан бері қой шаруашылығына еңбек сіңіруші озат шопан өткен жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты.
М.ТОҚЖІГІТОВ.
Любовь оқып жүрген кезінде заводта бір мамандықта жұмыс істеуді мақсат ететін. Міне сол арманына жетті де. Ол биылғы жылы Ушанов атындағы қыздар орта мектебін үздік бағалармен бітірді.
Мектепке өткізілген мамандық таңдау кешінде класс жетекшісі Татьяна Матвеевна олардың ауыл шаруашылығына, өндіріске баруларына тілек білдірді. Сонда Любовь бірінші болап:
-Мен республикалық газеттерде басылған, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жұмысқа баруға шақырған Қарағанды қаласы Жамбыл атындағы мектеп оқушыларының үндеуін оқыдым. Бұл үндеу мені жігерлендірді. Мен де бесінші бесжылдықтың мерзімінен бұрын орындалуына өз үлесімді қосамын. Қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істеймін, деген.
Оның бұл арманы орындалды. Қазір Мәуленова Любовь заводта жұмыс істеп жүр.
М.ӘКІРӘМҚАНОВ.
Жуықта Өскемендегі пионерлер үйінде мұғалімдер мен бастауыш және орта мектеп кәсіподақ мүшелері көркем өнерпазшыларының облыстық байқауы өткізілді. Байқауға мұғалімдер мен кәсіподақ мүшелері, техникалық қызметкерлер, балалар үйлері мен бақташының қызметкерлері-барлығы 300-ге жуық адам қатысты. Бірінші рет өткізіліп отырған бұл байқау қалада, ауыл-селода көптеген таланттардың бар екендігін көрсетті.
Қаланың Жамбыл атындағы орта мектебінің хор коллективі «Партия біздің бастаушымыз» деген әнді айтты. Осы мектептің директоры Жүсіпәлиевтің орындауындағы «Эй, ухнем» және «Дивлюсь я на небо» әндері тамаша шықты.
Белоусовқа жеті жылдық мектебі көркем-өнершілерінің орындауындағы «Ленин таулары», «Кешкі күй», «Мен ағынды өзенге қалайша барамын» хорлары, мұғалім Пияшеваның орындауындағы «Достық», «Севаспополь вальстері» мен «Уральская рябинушка» әндері жұртты сүйсіндірді.
Мектептің драма үйірмесінің коллективі А.Чеховтың «Аю» атты водевилін қойды. Басты рольдерде ойнаған мұғалімдер Попова, Баумейстер жолдастар шеберлік көрсетті.
«Партия пайда болса, жеңіс сонда» әні орындалды. Мұны хормен айтып тұрған Зайсан көркем өнершілері. Осы ауданнан келген Баймұханбетова қазақтың жар-жар биін әсем биледі. Акробатистка Кобзева жолдас өзінің шебер ойнауымен көрермендерді өте қызықтырды. Мұғалима Хасенова қазақтың «Ақ тамақ» әнін ырғағына келтіріп шырқады.
Көркем өнерпазшылардың байқауына қатысушы Қонарбаева, Есенжолова (Тарбағатай ауданынан) «Тракторшы қарындас», «Жайлау әні» және «Ай-ай керім» әндерін бір сыдырғы тәуір орындады. Спанбетова қазақтың «Қосалқы», «Келіншек» күйлерін домбырамен жақсы орындап берді.
Байқауға қатысқан қаланың мұғалімдер үйі көркем өнерпазшыларының программасы көлемді және жан-жақты болды. Олар зрительдерге ұнамды және мазмұнды әндерді іріктеп алуға жете көңіл бөлген. Әндердің көпшілігі Коммунистік партияға, Отанға және бейбіт еңбекке арналған. Музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету жағынан кемшіліктер байқалса да, әнді хормен орындауда, дауыстың әр ырғағын қолдануда жетіскендік бар.
Алайда, облыстық көркем өнерпазшылардың байқауында елеулі кемшіліктер болғанын атап айту керек. Ең алдымен Ұлан, Шемонаиха, Бұхтарма сияқты облысқа жақын аудандар мен қаланың № 12 мектебі, педагогикалық институтың көркемөнерпазшыларының байқауға қатыспауы төзбестік жағдай.
Жюридің қорытындысында бірінші орын Өскемендегі мұғалімдер үйінің, екінші орын Лениногор көркем өнерпазшыларының коллективіне берілді. Ал, үшінші орынға Зайсан және Киров аудандарының, Белоусовка жетіжылдық мектебінің көркемөнершілері ие болды.
«Горняк» клубының екінші этажындағы әрі кең, әрі жарық бөлмеге Зырян комбинатының кітапханасы орналасқан. Кітапхананың кітап қорында 15 мыңнан аса көрсем саяси, техникалық және басқа әдебиеттер бар.
Жұмыстан бос уақыттарында кеншілер кітапханаға келіп, өздері қалаған әдебиеттерін алады, газет-жуналдар оқиды. Мұнан кітап алып оқушылардың саны қазірдің өзінде 3200 адамнан асты. Олардың ішінде көптеген мамандықтағы адамдар бар. Мысалы, Маслянск руднигінің проходшысы Хазигалиев жолдас бір жыл ішінде 80 кітап оқып шыққан. Ол оқыған кітаптарын зор ұқыптылықпен ұстап, оларды белгіленген мерзімде кітапханаға қайтарып отырады. Заводинск руднигінің смена бастығы Борис Викторович Шмидт 50-ден аса кітап оқып шықты. Электриктер Иван және Владимир Улановтар, байыту фабрикасының слесары Киселев және басқалар осы кітапхананың белсенді оқушылары болып саналады.
Кітапхананың оқу залында шахмат, домино, дойбы, газет-журналдар бар.
Кітапхана жанынан ұйымдастырылған 12 жылжымалы кітапхана Зыряновск, Парыгинск, Греховск рудниктерінің, байыту фабрикасының және Тұрғысын ГЭС-нің жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлерін мәдени қамтуда.
Көктемгі егіс кезінде «Горняк» клубының кітапханашысы Чапаев, Зырян МТС-терінің кітапханаларына қамқорлық ретінде көмек көрсетті. Кітапхана қызметкерлері колхозшыларды әдебиеттермен, село көркем өнерпаз коллективтерін қажетті материалдармен қамтамасыз етті.
Кітапханада әрбір ай сайын оқушылар конференциясы мен әдеби кештер өткізіліп тұрады. Бұларға кітап оқушылар кеңінен қатыстырылады. Өткен айларда, «Совет адамдарының моральдық бейнесі», ССРО жазушыларының екінші съезінің материалдары және А.Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша оқушылар конференциялары өткізілді.
Кітапхана меңгерушісі Петухова жолдастың мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуде үлкен тәжрибесі бар. Ол барлық жұмысты арнаулы жоспармен жүргізеді. Бұл жұмыста Петухова кітапхана активінің белсенді көмегіне әр уақытта сүйеніп отырады.
И.ЛОКТЕВ.
Үстіміздегі жылғы наурыз айы. Колхоз клубына жігіттер мен қыздар шат көңілді, жайдары жүзді жастар жиналды. Олардың екпіндете ырғағын келтіріп, Партия туралы салған әні құлақтан кіріп, бойды алғандай әсерлі. Жастар әніне қосылған музыка дауысы бақытты өмір, шаттық тұрмыс күйін шерткендей.
-Жосластар,-деді ән толаңсып аяқталған кезде, трибунаға шыққан сұңғақ бойлы жас қыз. – Комсомол ұйымының жиналысын ашық деп жариялаймын. Бұл бастауыш комсомол ұйымының секретары Раиса Толмачева еді.
Толмачева жолдас әр уақытта комсомол жиналысының тәрбиелік маңызын арттыруға, оны күн ілгері әзірлікпен, комсомолецтердің түгелдей белсене қатысуымен өтуіне баса назар аударады. Комсомол ұйымының бұл жолға ашық жиналысы да жастардың белсене қатысып, кең пікір алысуымен идеялық жоғары дәрежеде өтті.
Күн тәртібі жүгері өсіретін звенолар құру туралы. СОКП Орталық Комитеті қаңтар Пленумы қаулысына іспен жауап беру үшін комсомол-жастар жүгері дақылын өсіруді өз қамқорлықтарына алатындықтарын білдіреді. Дәл осы жиналыста жүгері өсіретін екі комсомол-жастар звеносы құрылды. Оның бірін басқару міндеті комсомолка Касеноваға жүктелген болса, құрамында 10 адам бар екінші звеноға Толмачева жолдастың өзі басшылық ететін болды.
Сол кезден іске белсене кіріскен екі звено мүшелері жүгері егісіне мұқият әзірлік жасап, одан мол өнім алу мақсатында социалистік жарысты кең өрістетті. Олар жүгерінің әрбір гектарынан собығында 75 центнерден астық, 300 центнер көкшеп алуға міндеттеме қабылдап, қарқынды еңбек етуге жұмылды.
Рас, алғашында жастар звеноларының жұмысында көптеген қиыншылықтар кездесті. Сондықтан мұның өзі звено жетекшілерінен жұмысты жолға қою үшін көп үйренуді, ауылшаруашылық мамандарымен үнемі байланыс жасап, практикалық көмектер алуды керек етті.
Мұны жете түсініп, жұмысты бүгінгі талап тұрғысынан ұйымдастыруды көздеген Толмачева жолдас үнемі ізденіп, үйрену жолында болды. Ол өзінің үйренгендерін звено мүшелеріне баяндайды, олардың жүгері агротехникасына арналған курс сабақтарына, лекциялар мен баяндамаларға үзбей қатысып отырудың қадағалады. Жүгері егісін егуге тыңғылықты әзірлікпен кірісудің қамын жасады. Бұл нәтижелі болды.
СУРЕТТЕ: Р.Толмачева жолдас қос басында өз звеносы арасында газет оқып Суретті түсірген И.СЕРЕНКОВ.
Звенолар жүгері егетін участоктерді іріктеп алды, ол жерлерге қар тоқтатып, көктемде тыңайтқыш сіңірілді. Сортты тұқым себілді. Егіс қысқа мерзімде, агретехникалық жоғары дәрежеде аяқталды. Толмачева жолдас басқарған звено социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге жетіп, үздік алға шықты. Киров ауданы бойынша «Заветы Ильича» колхозындағы осы звено бірінші орын алып, Қызыл туға ие болды.
Жүгеріні сапалы күтіп-баптау-бұл бағалы дақылдың барлық көлемінде мол өнім алудың негізгі шарты. Толмачева жолдас осы жұмысты алғашқы күннен дұрыс ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді.
Осы мақсатпен ауылшаруашылық мамандарының ақыл-кеңесі бойынша агротехникалық тәсілдер, егістік қатараралықтарын өңдеу және ұялардағы өсімдіктерді сирету шаралары қолданылды. Егіс екі рет культивациядан өткізілді. Звено коллективі механизаторлардың көмегіне сүйене отырып, дақылды екі реттен культивациялау және қолмен баптау жұмыстарын аз уақыт ішінде аяқталып шықты. Звенодағы Шейко, Бухрякова, Пастушенко сияқты жастар қажырлы еңбек етуде. Олардың әрқайсысы күндік нормаларын бір жарым-екі еседен асыра орындап жүр. Жастардың жүгері егісінен мол өнім алу жолындағы социалистік жарысы қыза түсуде.
Бұлардың қажырлы еңбек нәтижелерін сөз еткенде комсомол ұйымының жұмысын айтпай кетуге болмайды. Толмачева жолдас звено коллективінің еңбегін нақты ұйымдастырумен бірге саяси-тәрбие ісіне ұйыпты қарайды.
Комсомол-жолдас арасында саяси-тәрбие, үгіт-түсінік жұмысын жолға қойып, олардың еңбегін тыңғылықты ұйымдастыруға жеті жылдық мектептің мұғалімі Немченко жолдас белсене қатысуда.
Жастар арасында әңгіме өткізіп, баяндама жасауға Толмачева жолдастың өзі қатысып жүр. Ол звено коллективі арасында аз уақыт ішінде әңгімелер өткізіліп бірнеше баяндамалар жасаған. Бұл жұмыстарды жүргізуде түскі тамақтану сағаты тиімді пайдаланылады.
Раиса Толмачева жолдастың звеносын баптаған участокте жүгері біркелкі болып бойлап өсуде. Дақылдың қазіргі шығысы мол өнім алынатындығын көрсетеді.
Т.АБУҒАЛИЕВ.
(Арнаулы тілшіміз).