Цифрлы күйге алмастырған: Әбдіқапар Марқа
Катонқарағай ауданының жергілікті партия, совет ұйымдары мен көптеген колхоздарының басшылары ферма меңгерушілерін іріктеп алу, орналастыру және тәрбиелеу жөнінде соңғы уақытта бірқатар жұмыстар істеді. Ферма меңгерушісі міндетіне қолынан іс келетін, тәжірибесі мол адамдарды іріктеп алып, олардың арасындағы тәрбие жұмыстарын біраз жақсартты.
Молотов атындағы колхоздың басшылығы (председателі Райымбеков, партия ұйымының секретары Құныязов) ферма меңгерушілерін іріктеп алып, тәрбиелеуге үнемі көңіл бөліп отырады. Бұларда фермаларды жұмыста ысылған, тәжірибелі адамдар басқарады. Партия ұйымы олардың арасында тәрбие жұмысын жүргізіп, ферма меңгерушілерінің сол қызметте тұрақтап істеуіне, еңбекте өнеге көрсетулеріне айрықша көңіл бөліп отырады.
Мәселен, 8 жылға таяу уақыттан бері колхозда қой фермасының меңгерушісі болып Ибраимов жолдас істеп келеді. Партия ұйымы оны баулып, тәрбиеледі. Коммунистердің көпшілік жиналыстарында оның баяндамасын тыңдап, кемшіліктерін кезінде ашып, қолма-қол түзетуге көмектесіп отырды. Ибраимов жолдастың өзі партиялық басшылыққа сүйене отырып, ерінбей еңбек етуде. Ол малшылар кадрларын дұрыс іріктеп алып, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мұның өзі жақсы нәтиже беруде. Ибраимов ферма меңгерушісі болғанда колхозда қой саны аз еді, биыл ол жиырма мыңға таяу болды. Ферма қой-ешкі өсірудің жоспарын жыл сайын асыра орындап, мемлекетке ет, жүн дайындаудың жылдық тапсырмасын да мерзімінен бұрын орындап жүр. Колхоз жүн дайындаудың биылғы жылғы жоспарын көктемгі қырқылған жүнмен толық орындап шықты. Жұмысты жақсы істегені үшін Ибраимов жолдас жыл сайын ақшалай және заттай сыйлықтар алып тұрады.
Сол сияқты колхозда сиыр фермасының меңгерушісі де малшы қатарынан жоғарылатылған жас Қалиев жолдас та өз жұмысын меңгеріп алды.
Панфилов атындағы колхозда қой фермасының меңгерушісі болып істеп келе жатқан Қаңтарбаев жолдас өз жұмысына берік. Ол өзінің барлық іскерлігін қой шаруашылығын өркендету ісіне жұмылдыруда. Қаңтарбаев жолдас ферманы басқарғаннан бері оның жұмысы көп жақсарды.
Ферма меңгерушісі — колхоз шаруашылығындағы басты тұлға. Өйткені, колхозда мал басының көбейіп, өнімділігінің артуы көп реттерде осы ферма меңгерушілеріне байланысты. Олар бұл жөнінде зор жұмыстар істей алады. Сондықтан ферма меңгерушілерін дұрыс іріктеп алып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Алайда, осы ауданның көптеген колхоздарында ферма меңгерушілерін іріктеп алу және тәрбиелеу ісінде үлкен кемшіліктерге жол беріліп келеді.
Пахомов атындағы колхоз партия ұйымы (секретары Шегіров жолдас) ферма меңгерушілерін іріктеп алуға және тәрбиелеуге ат үсті қарайды. Партия ұйымы мен колхоз басқармасы қой фермасына Савин жолдасты меңгеруші етіп жіберіп, қателік жасады. Олар бастапқы кезде Савинді тексеріп білмеді, оны істе сынамады. Сөйтіп, ферма меңгерушісіне оны жоғарылата салды. Іс жүзінде Савин дәрменсіз басшы болып шықты. Ол ферманың жұмысына басшылық ете алмайды. Тек Савиннің іске орашолақтығынан, жүктелген іске жауапсыз қарайтындығынан өткен қыста мал шығыны көп болды.
Міне бұған партия ұйымының, колхоз басшыларының дереу араласулары керек еді, іс жүзінде бұлай болмай отыр. Партия ұйымы өз қателігін түзеткен жоқ. Тәрбие жұмысын жүргізбейді. Мұның орнына жуықта партия ұйымы мен колхоз басшылары Савинге жақсы мінездеме беріп, аудандық партия комитетінің бюросынан оны ферма меңгерушісіне бекітуге ұсынған.
Колхоз партия ұйымы, оның секретары Шегіров жолдас ферманың басқа меңгерушілері арасында да тәрбие жұмысын жүргізіп, оларды мәпелеп тәрбиелемейді, жауапкершіліктерін арттырмайды. Көп уақыттан бері ферма меңгерушілерімен кеңес өткізілген жоқ, олардың баяндамалары сирек тыңдалады.
Бұл жерде факті емес. "Ленинский путь" колхозында да ферма меңгерушілерін іріктеп алу және тәрбиелеу жұмысы назардан тыс қалып қойған. Колхоздың сиыр фермасының меңгерушісі Кречетов, қой фермасының меңгерушісі Байболатовтар күтпеген үмітті ақтамады, олар практикалық жұмыста ерескел қателіктерге жол беріп келеді. Бұл ферманың екеуі де мал басын көбейту жоспарын орындаған жоқ, өнімді өте төмен алып келеді. Өткен қыста мал шығыны көп болған. Қазіргі кезде малды жайып-бағу ісі ойдағыдай ұйымдастырылмай отыр, колхоздың сауын сиырлары әлі күнге дейін Черемошка селосынан, қыстақтан ұзап шығарылған жоқ.
Кінәні ең алдымен колхоздың басқармасы мен партия ұйымына аударуға тура келеді. Өйткені, Байболатов пен Кречетовтің жұмысына қатаң бақылау қойып, күнделікті басшылық етіп отырса, онда олар іске сылбыр қарамас еді. Бірақ партия ұйымы, оның секретары Соколов пен колхоздың басқармасы, председателі Ткачев тәрбиелік жұмысты жақсы жолға қоймады. Қазір оларды амалсыздан ауыстыруға тура келіп отыр. Кречетов болса партия қатарынан шығып қалды, ал Байболатов үнемі босқа қыдырып, ішушілікке салынып жүр. Партия ұйымы соңғы жылдары ферма меңгерушілерінің басын қосып, кеңес өткізбеген, оларға жиі-жиі тапсырмалар беріп отырмайды.
Жергілікті партия ұйымдары мен колхоз басшыларының ферма меңгерушілеріне талапты күшейтпей, жауапкершілікті арттырмағандықтан көп жерлерде олардың жұмысы өз дәрежесінде емес.
Аудандық партия комитеті мен Совет атқару комитеті колхоздардың ферма меңгерушілерін дұрыс іріктеп алып, тәрбиелеулеріне тиянақты көмек бере алмай отырғанын атап айту орынды. Аудандық партия комитеті мен атқару комитеті көп уақыттан бері ферма меңгерушілерінің аудандық семинар-кеңесін өткізген жоқ. Аудандық орындар фермаларда өрескел кемшіліктерді ашса, ферма меңгерушілерін елеусіз қалдырып, олардан жауапкершілікті талап етпейді. М. САЛЫҚБАЕВ
Чапаев атындағы колхоз комсомол ұйымында 20-дан астам жастар бар. Бұл — үлкен күш. Оны дұрыс пайдалана білгенде колхоз алдында тұрған міндеттерді орындауға жастардың қосатын үлесі әлдеқайда үлкен болмақ.
Бұл үшін комсомол ұйымының жұмысын жандандырып, оған партиялық басшылықты күшейту керек. Алайда, Чапаев атындағы колхоз бастауыш партия ұйымы комсомол ұйымы көмек көрсетпей келеді. Мұнда жыл басынан бері бірнеше секретарь ауысты. Бірақ, істің жағдайы өзгермеді. Жылдың басында Овчаренко жолдас секретарь болды. Ол іске немқұрайлы қарады, жиналыс шақырмады, жастармен ешқандай жұмыс жүргізбеді. Бірақ, бастауыш партия ұйымының секретары Бакиев жолдас осы жағдайды көре тұрса да, комсомол ұйымының жұмысын жақсарту үшін ешқандай шара қолданбады. Керісінше, Овчаренко жолдас кей уақытта одан бір мәселені сұрай қалғанда Бакиев жолдас оған былай деп жауап қайтаратын:
"Сен — шоферсің. Басқа істер туралы ойламасаң да болады..."
Бұл қақпайдың бастауыш партия ұйымы секретарына қаншалықты қажет болғанын кім білсін. Тек бір нәрсе ғана айқын: Бакиев жолдас партия ұйымының секретары ретінде комсомол ұйымының атқаруға тиісті рөлін жете бағаламайды. Оны мына факт тағы да айқын көрсетеді. Овчаренко жолдастан соң комсомол ұйымының секретары болып Трегубова жолдас сайланды. Ол іске жігерлі кірісті. Бірақ партия ұйымы тарапынан ешқандай көмек ала алмады. Трегубова жолдас сан рет Бакиев жолдасты комсомол жиналысына қатысуға шақырды. Бірақ, ол жиналыста болуға «уақыт таппады».
Көктемде колхозда комсомол-жастар звеносы ұйымдастырылды. Бірақ бұл звено бір ай ғана өмір сүрді. Ауылшаруашылық артелінің председателі Доценко жолдас оны таратып жіберіп, звено мүшелерін басқа жұмыстарға ауыстырды. Бастауыш партия ұйымының секретары колхоз председателінің бұл тәртіпсіздігіне көңіл аударуға тиісті еді. Бірақ, олай болмады. Бакиев жолдас, бұрынғыша комсомол ұйымының жұмысына немқұрайлы қарады.
Қазір колхозшылар жемшөп әзірлеуде, егін орағына даярлануда, мал қораларын салуда. Бұл жұмыстарды жүргізуге комсомолецтер, жастар белсене қатысуда. Олардың арасында социалистік жарыс ұйымдастырып, алда тұрған міндеттерді орындауға жас жігерді неғұрлым толық пайдалану өте қажет. Амал не, мұнда жемшөп әзірлейтін комсомол-жастар звенолары арасында жарыс ұйымдастырылған жоқ.
Комсомол ұйымына басшылық ету — партиялық жұмыстың құрамды бөлігі, партия ұйымының секретарының борышы. Бакиев жолдас мұны жете түсінуі керек. Бұл жөнінде аудандық партия комитетінен де нақты кеңес керек. П. ШИПУНОВ. Большенарым аудандық комсомол комитетінің Большенарым МТС-і аймағындағы нұсқаушысы.
Негізгі өндірісі мал шаруашылығы болып есептелінетін Марқакөл ауданында СОКП Орталық Комитеті қаңтар Пленумының «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру туралы» қаулысын жүзеге асыруға барлық мүмкіншіліктер жеткілікті. Жұмысты жаңа талаптар тұрғысынан ұйымдастырған жеке колхоздар мен фермаларда мал басы өсіп, оның өнімділігі арта түсуде.
Жданов атындағы, «Горный скотовод» колхоздарында сүт сауу тапсырмасы ойдағыдай орындалуда. Бұларда 1954 жылғы 1 қазаннан бергі 9 ай ішінде әрбір сиырдан сауылған сүт мөлшері өткен ауылшаруашылық жылының осы мерзіміндегіден 86—98 литрге артты. Куйбышев атындағы колхоздың Кәріпшалов жолдас басқаратын фермасында әрбір қойдан орта есеппен екі килограмнан жоғары жүн алынды.
Көптеген малшылар қаңтар Пленумы алға қойған міндетті абыроймен жүзеге асыру жолында жанқиярлықпен еңбек етуде. «Пограничник» колхозының шопаны Копесов жолдас 600 бас саулықты қыстан шығын шығармай бағып, төл алу науқанын үлгілі өткізді. Еңбегі көпке үлгі болған бұл шопанның бағуындағы малдың өнімділігі үздіксіз артуда, қаулап өсіп келеді. Копесов жолдас қосымша еңбекақыға 9 тоқты алды. Бұл артельдің шопандары Делеңбаев пен Барақбаев жолдастар да осындай табыстарға ие болды.
Алайда, істің жайы барлық жерде бірдей емес. Мал басын өсіру, әсіресе оның өнімін дайындау тапсырмасы үнемі орындалмайды, малдың күтімсіздігінен шығын болу фактісі тиылмай жүр. Сиырлардың сүттілігін арттыру жолындағы жұмыс әлсіз. Аудан сүт сауу тапсырмасын жартылай да орындаған жоқ. Мемлекетке сүт тапсырудың жарты жылдық тапсырмасы 42,4 процент қана орындалды. Жүн дайындау жоспарының орындалуы 69,7 процент болып отыр. Облыс бойынша мал өнімдерін дайындауда артта қалып отырған аудан — осы Марқакөл.
Неліктен бұлай болып отыр? Негізгі себеп, ең алдымен шешуші күш — адамдарға, отарларда істейтін малшыларға қамқорлықтың қанағаттанғысыз болуы екенін атап айту керек. Бірқатар фермалар мен отарларда малшының қабылдаған социалистік жарыс міндеттемесін абыроймен орындап шығуына қажетті жағдай жасалмаған. Біз өңіріміз аралаған бірнеше учаскелерде колхозшылардың мәдени тілегін өтеуде орын алып отырған толып жатқан кемшіліктердің куәсі болдық. Тіпті, олар үймен де қамтамасыз етілмеген.
Мәселен, Куйбышев атындағы колхоздың Ақжал отарында 6 шопанның отбасы екі-екіден бірігіп үш үйде отыр. Ол үйлердің өзі де тар. Ағайынды Қ. Елемесов пен А. Елемесовтердің отбасыларында 12 адам бар. Олар аядай ғана бір үйде тұрады. Ол үйдің сыртын қойып, іші де ағартылмаған. Бұл үйге бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізілмеген, отарға әк жеткізуді ешкім ойластырмаған. Бұл жөнінде шопандардың сан рет айтқан талабына колхоз басқармасы мен оның председателі Асқаров жолдас жүре жауап беріп, бюрократтық көрсеткен. Осы участокте бірігіп отырған шопандар Қораш Түменбаев пен Расолла Уәлиев жолдастардың отбасылары да осындай үйлерде тұрады.
Осы колхоздың Карашілік мал жайылым учаскесінде 10 шопанның отбасы бес үйде екі-екіден отыр. Артельдің бірде-бір отарында монша жоқ. Дәл осындай жағдайды Киров атындағы, Сталин атындағы және Ленин атындағы колхоздардан толықтай көруге болады.
Бұл ауылшаруашылық артельдерінде мал отарларында тұратын колхозшылар үшін тұрғын үй салу бірнеше жылдан бері мүлде жүргізілмей келеді. Ол ол-ма бұрыннан бар үйлерді жөндеп, ішін-сыртын ағартып тәртіпке келтіруге де көңіл бөлінбейді.
Мұндай кемшілік аудан басшыларынан бастап көптеген колхоз председательдерінің малшылардың қажетін өтеуге жауапсыздықпен, бюрократтықпен қарауынан болып отыр деп түсіну керек. Аудандық партия комитеті мен Совет атқару комитетінде мал шаруашылығы жөнінде жедел-жедел талқыланатын көптеген мәселелерде малшылардың тұрмысы жөнінде ештеңе айтылмайды. Осының өзі-ақ бұл ауданда отарларда істейтін колхозшылардың мәдени-тұрмыстық қажетін өтеуге көңіл бөлінбейтіндігін толығынан дәлелдейді.
Кейбір колхоздарда СОКП Орталық Комитеті қыркүйек және қаңтар Пленумдарының әрбір колхозшының отбасында меншікті сиыры болуы жөніндегі нұсқауы орындалмай отыр. Мұнда меншігінде малы жоқ колхозшылардың отбасылары барлық колхоздан да кездеседі. Шаман Төкепов жолдас Куйбышев атындағы колхозда 1950 жылдан бері шопан болып істейді. Оның бағуынан мал шығын болып көрген жоқ. Өнімділігі артып отыр. Бірақ, колхоз басқармасы Төкепов жолдастың меншігінде малы жоқ екенін біле тұра, оның сиыр сатып алуына қамқорлық жасамаған. Сол сияқты Керенбай Сағынбаев жолдастың осы артельде қоғамдық мал шаруашылығына қосқан үлесі зор. Ол колхоз ұйымдасқан 1929 жылдан бүгінге дейін жылқы бағып келеді. Алғашқы кездегі ондаған жылқы қазір мыңнан асты. Солай бола тұра Сағынбаев жолдастың меншігінде сиыры жоқ.
Кейбір колхоздарда СОКП Орталық Комитеті қыркүйек және қаңтар Пленумдарының әрбір колхозшының отбасында меншікті сиыры болуы жөніндегі нұсқауы орындалмай отыр. Мұнда меншігінде малы жоқ колхозшылардың отбасылары барлық колхоздан да кездеседі. Шаман Төкепов жолдас Куйбышев атындағы колхозда 1950 жылдан бері шопан болып істейді. Оның бағуынан мал шығын болып көрген жоқ. Өнімділігі артып отыр. Бірақ, колхоз басқармасы Төкепов жолдастың меншігінде малы жоқ екенін біле тұра, оның сиыр сатып алуына қамқорлық жасамаған. Сол сияқты Керенбай Сағынбаев жолдастың осы артельде қоғамдық мал шаруашылығына қосқан үлесі зор. Ол колхоз ұйымдасқан 1929 жылдан бүгінге дейін жылқы бағып келеді. Алғашқы кездегі ондаған жылқы қазір мыңнан асты. Солай бола тұра Сағынбаев жолдастың меншігінде сиыры жоқ.
Ауданда малшылардың мәдени тілегін өтеуге мүмкіншілік толық зор. Мұнда 24 мәдени орындары жұмыс істейді. Дегенмен бұлардың жұмысы тілекке сай емес. Қарашілік, Шеңгелді және Матвеевка мал жайылым учаскелерінде қызыл отаулар малшылардың мәдени орталығына айналудан тыс қалған. Қарашілік участігіндегі қызыл отауда екі мыңнан астам әдебиет бар. Бұлар қызыл отау орналасқан қараңғы тар үйдің еденінде шаң болып үйіліп жатыр. Оның меңгерушісі болып Куйбышев атындағы колхоздың қой фермасындағы есепші Құсаинов істейді. Ол қызыл отауды мүлде жауып қойған, еңбек ақыны босқа алады. Сөйтіп, екі еңбекақы алып, жұмыс істемейтін Құсаиновтың қара басының мүддесінен басқаны көздемейтіндігінен қызыл отау малшылардың қажетін өтемей отыр.
Газет-журналдар малшыларға уақытында жеткізілмейді. Мәселен, «Пограничник» колхозының отарындағы малшыларға сәуірдің 15-нен мамырдың 15-не дейінгі газеттер будақталып тек екінші маусым күні жеткізілді. Киномен қамту ісінде елеулі кемшілік орын алған. Бекенбай, Майтерек, Матабай, Көрегетас, Қызылтас тағы басқа учаскелерде малшыларға қаңтар айынан бері кино көрсетілмеген. Бізге «Пограничник» және Куйбышев атындағы, Киров атындағы колхоздардың отардағы малшылар Сейкенов, Көпесов, Дөненбаев жолдастар бірнеше жыл бойы кино көрмегендіктерін айтты.
Малшылар арасында дәріс оқу оқта-текте болады. Бұл жұмысқа мамандар қатыстырылмайды. Тіпті олар отарларда сирек болады. Қаба МТС-інің бас зоотехнигі Онищенко жолдас станция қамтуындағы колхоздарда әрбір сиырдан сауылатын сүттің мөлшерін айтып бере алмайды. Мұндай басшыдан қандай іс күтуге болады!
Малшылардың мәдени-тұрмыстық қажетін өтеуді назардан тыс қалдыруға ешқандай болмайды. Марқакөл аудандық партия комитеті мен Совет атқару комитеті бұдан тиісті қорытынды шығарулары керек. М. ЗАРИГИОВ. ҚКП облыстық комитеті ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы.
Маусым айының 29 күні Ертіс металлургтері тоқсандық және жартыжылдық жоспарларды толығымен орындап шықты. Өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда, биыл ондатап тонна мыс артық өндірілді.
1955 жылдың жоспарын мерзімінен бұрын орындау жолындағы металлургтер арасындағы социалистік жарыста балқыту цехының Родионов пен Матвеев, спекатель цехының Леонов пен Сыйқымбаев басқарған сменалар бірінші орынға ие болды. Жылдық жоспарды 1955 жылдың 5 декабріне орындап шығу үшін завод металлургтерінің коллективі мыс қорыту қарқынын күн сайын арттыра түсуде.Предгорный аудандық «Алтайский колхозник» газетінен.
Жуырда Абай атындағы орта мектепті бітірген 10 класс оқушыларының кеші болды. Кеште мектеп бітірушілерге кәмелеттік аттестат тапсырылды. Оныншы орыс класының 11 оқушысы түгелдей, оныншы қазақ классының 50 оқушысының 36 оқушысы мектепті бітірді. Оқушылар Баганова, Билялов, Сапановтар оныншы классты «5»-тік бағамен бітіріп, алтын медальға ұсынылды. Тарбағатай аудандық «Қолхоз туы» газетінен.
Біздің Пахомов атындағы колхоздың товарлық сүт фермасының көптеген сауыншылары сиырдың сүттілігін арттыру жолындағы социалистік жарысқа қосыла отырып, өнімді іс атқаруда. Мәселен, ферма сауыншылары Булабаева мен Бестужева жолдастар сиырдан сүтті мол сауып, қажырлы еңбектің үлгісін көрсетуде. Бұл қос сауыншылар өздеріне бекітілген сиырлардың күтімін жақсартып, оны уақытылы сауады. Олар жыл басынан бері әрбір сауын сиырдан 700-800 литрден сүт сауды. Қазір бұл алдыңғы қатарлы сауыншылар жыл аяғына дейін әрбір сиырдан кемінде 1350 литрден сүт сауу үшін күресуде. Қамшиев, Сиыр фермасының меңгерушісі. Қатонқарағай аудандық «Екпінді Алтай» газетінен.
Шемонаиха совхозының жұмысшылары мен қызметшілерінің арасында жылқышы Петр Семенович Воропин зор құрметке бөленуде. Ол жылқы фермасында 9 жыл жылқышы болып істеп келеді. Ал, Петр Семеновичтің жылқы шаруашылығында істегеніне 20 жыл болды. Осы мерзім ішінде ол жүздеген жас құлындар өсірді. Петр Семеновичтің пенсионер болғанына міне екі жыл толды. Бірақ, ол өзінің бұл сүйген жұмысын тастағысы келмейді. — Январь Пленумының қаулыларын орындауға өз үлесімді қосқым келеді, — дейді ол. Шемонаиха аудандық «Ленинское знамя» газетінен.